ТКШ

Қызылжар ауданының тұрғындары қыс мезгіліне қамдануда

Өңір тұрғындары жылыту маусымына дайындалып жатыр. Мәселен, Қызылжар ауданындағы мектеп, аурухана, мәдениет үйі сынды әлеуметтік маңызы бар нысандардағы қазандықтар 93 процентке дайын екен. Бюджеттік ұйымдарға көмір толығымен жеткізіліпті. Қазіргі уақытта жеке сектор тұрғындарын қара отынмен қамту шаралары қолға алынған.

Николай Фрешер – “Қыс – арбаңды, жаз -шанаңды сайла” деген қағиданы қатаң ұстанатын жандардың бірі. Жыл сайын жұртпен қатарласып отын мен малдың жем-азығын ертерек жинайды. Шөпті сатып алмайды екен. Тракторы бар механизатор ауылдасын 70 мың теңгеге жалдап, 4 бас мүйізді ірі қара малға деп 5 тонна шөп дайындаған. Егер дайынын сатып алатын болсам, ақшам шақ келмес еді дейді. 4 телешке үшін қалтасынан 2 есе, яғни 140 мың теңге шығарар еді.

Николай Фрешер – Приишимка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Селоның маңында аумағы кең шалғын бар. Ол шабындықтан кезінде менің аталарым, әкелерім шөп шапқан болатын. Сол жерден мен де жыл сайын мал азығын дайындаймын. Егер шөпті 1-2 жыл шаппай қойсаң, кейін ол жерлерді қалыпқа келтіру мүмкін емес. Шабындық жер барлығына жетеді.

Приишимка селосының тұрғындары елден ерек. Басқалары отындарын жаздың ортасында алып жатса, мұндағылар қар еріген уақытта, нақтырақ айтқанда, сәуір айында дайындап қояды екен. Солардың бірі – Талғат Бердімұрат. Оның 90 мың теңгеге алған 18 текше метр отыны кеуіп тұр.
Бір кубын 5 700 теңгеден алыпты. Ал, аудан бойынша оның орташа бағасы 6 мың теңгеге шығады.

Талғат Бердімұрат – Приишимка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Отынды 3-ші жыл қатарынан “Ахмутдинов” ЖК алып келемін. Тұрғындарға қарызға береді. Бұл біз үшін үлкен жеңілдік.

Қыс мезгілінің қандай боларын ешкім білмейді. Сондықтан, 4 баланың әкесі 4 бөлмелі үйіне отынды артығымен алып қойған. Былтыр баспанасының іші-сыртын жақсылап жөндеп алған. Еден, терезесін жаңасына алмастырыпты. Осылайша, үнемділікке қол жеткізген. Нақтылап айтқанда, бұрынғыдай көмір жақпайды.

Отыны да анағұрлым аз жұмсалатын болған. Жерлесіміздің айтуынша, қыс мезгілінде үйінің ішіндегі температура 25 градустан түспейді екен.

Жалпылап айтқанда, жыл сайын Қызылжар ауданының тұрғындарына 29 мың тонна көмір бөлінеді. Осы күні соның 34 проценті ауданға жеткізіліп, халыққа өткізіліпті. Сапасына қарай, көмір түрлерінің бағасы әрқалай. Тоннасы 12 мен 15 мың теңгенің аралығында. Қара отын бюджеттік мекемелерге де жеткізілуде.

Элдар Закирин – Қызылжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

 – Бүгінше Қызылжар ауданы бойынша барлық білім беру, денсаулық, мәдениет ошақтары жылыту маусымына сақадай сай. Биыл бюджеттік ұйымдарға жиынтық көлемі 6,9 мың тонна көмір толығымен жеткізілді.

Қызылжар ауданында мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйі сынды әлеуметтік маңызы бар нысандардағы қазандықтар бүгінде 93 процентке дайын екен.

Берік Қасен