Балалар

Қаламыздағы Ғ.Мүсірепов атындағы саябақ қалыпқа келтірілді

Жас келсе – іске! Бүгін солтүстікқазақстандық белсенді ұл-қыздар қаламыздағы Ғ.Мүсірепов атындағы саябақты қалыпқа келтірді. Олар “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара барысында орындықтарға лак жақты, маңайды мұнтаздай етіп сыпырды. Ал, Петропавл әлеуметтік бейімделу орталығының өкілдері болса ескеркіш тұғырын сырлады, жазушының қанатты сөзі жазылған тақтаны тазартты.

Бұлар – қаламыздың нағыз белсенді әрі жанашыр жастары. Олар шаһардағы Ғ.Мүсірепов атындағы саябақ маңына қоқыс жиналғандығын көріп, өздері тазалауға ниет танытыпты. Бүгін, міне, істі тындыруға келіп отыр. Ұл-қыздар көп бөгеліп тұрмады. Бірден білек сыбана іске кірісті.

10-ға жуық адам қолдарына сыпырғыш алды. Олар маңайдағы қоқысты жинап, бір жерге үйіп жатыр. Іске қызу кіріскендердің арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Баян Қасым да бар. Бойжеткен қаланың тазалығына үлес қосуды өзінің парызы санайды.

Баян Қасым – “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының мүшесі:

– Бүгін саябақты тазартуға келіп отырмыз. Мұндай істі әрбіріміз атқаруымыз керекпіз. Өйткені біз өз еліміздің патриотымыз.

Мына өрендерге де жұмыс табылды. Жастар ағаш орындықтарды шүберекпен сүртіп, кейін лак жақты. Осылайша, өңі кеткен дүниені әп-сәтте қалыпқа келтірді. Жалпы, мұндай іс арқылы жерлестеріміз туған жерге деген сүйіспеншіліктерін көрсетпек ниетте.

Алмас Аманжолов – СҚО “Жас Ұлан” ҚБ қаржы қызметкері:

– Шара “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өтіп отыр. Оған солтүстікқазақстандық 20 жас қатысуда. Осындай іс арқылы жазушыға құрмет көрсетіп, қаламызды көркейткіміз келеді.

– Жас келсе – іске” деп бекер айтылмайды. Олар жұмысты шамамен 10 минут бұрын бастап еді, біраз шаруаны тындырып тастады. Ескерткіш маңының мына жағында да жұмыс қызған. Мұнда адамдар Ғ.Мүсіреповтың қанатты сөзі жазылған тақтаны қалыпқа келтіріп жатыр.

Мына жерде Петропавл әлеуметтік бейімделу орталығының өкілдері еңбек етуде. Олар тақтаның қырларын бояп, өзге тұсын шүберекпен сүртіп шықты. Бұдан кейін жазушының “Тек ірілік қана аңызға айналады” – деген қанатты сөздері жарқырай көрінді.

Байболат Култанов