Әр түрлі

Жыл басынан бері 700 петропавлдықты ит қауып алған

Үстіміздегі жылы 700-ге жуық петропавлдықты ит қауып алған. 170 жағдайда жерлестеріміз қаңғыбас жануарлардан зардап шегіпті. Қалған 500-дей факті иесі бар төртаяқтыларға қатысты.

Бір қарағанда, Рекс – қарапайым, ойнақы ит. Төртаяқтыны Валентина Татаренкова еріктілерден үстіміздегі жылдың ақпанында алыпты. Алғашқы кездесулері әлі есінде. Сол кезде күшік адамға жақын, мейірімді әрі көңілді болып көрінген екен.

Валентина Татаренкова:

– Мен бұл итті еріктілерден алдым. Алғаш көргенімде әлдеқайда кішірек болатын. Секіріп, ойнап жүрді. Тіпті, амандасқандай белгі берді. Сондықтан, басқа күшіктерге қарағанда Рексты жақын тарттым. Тамақты талғап жейтініне қарап бұрын қаңғыбас болмаған деп болжадым.

Алайда, тамыздың 15-і күні Валентина Татаренкова мал дәрігерлеріне хабарласып, итті ұйықтатпақ ниетте екенін айтыпты. Сөйтсе, Рекс тапа-тал түсте шынжырынан босап кетіп, жолда кетіп бара жатқан 10 жасар балаға бас салған. Жарты жылдай байлаулы тұрған төртаяқтының жануарлық түйсігі оянды ма әлде жеткіншектен қауіп байқады ма – белгісіз. Қалай болғанда да нәзікжанды енді итінен құтылмақ екен.

Валентина Татаренкова:

– Оқыс жағдай орын алғаннан кейін, еріктілер тобына қайта хабарластым. Ит кішкентай баланы қауып алды, алып кетіңіздерші деп сұрадым. Алайда, олар бас тартты. Қаламызда төртаяқтыларға арналған дені дұрыс пана да жоқ екен. Өз басым бір ай бұрын ауруханадан шықтым. Қазір жүріп-тұруым аздап қиындады. Сондықтан, итке де бас-көз бола алмаймын. Менің бұйрықтарымды орындамайтын болды.

10 жасар Михаил енді қалған демалысын үй мен аурухана арасында өткізбек. Себебі, жеткіншекке жарақатын емдеу үшін күнделікті медицина қызметкерлеріне көріну қажет. Үй жануары балғынның тізесінен төмен тұсын тістеп алған. Бүгінде бала жүре алмайды. Сондықтан, ата-анасы Мишаны 5-ші қабаттан көтеріп-түсіруге мәжбүр. Аяқтағы жарасынан бөлек, оқыс оқиға балғынның психикасына да әсер етпей қоймады.

Михаил Курьянов:

– Мен әжем және қарындасыммен серуендеп жүрген едім. Үйге қайтып бара жатқанда Астана көшесіне бұрылдық. Қолымда болған кілтімді жерге құлатып алғандықтан, мен бірнеше секундқа тоқтаған болатынмын. Сол мезетте-ақ, ауладан ит жүгіріп шығып тап берді. Аяғымды тістеп алып, жібермей, жұлқылады. Шошып кеттім.

Михаил Курьяновтың ата-анасы болған оқиғадан соң, бірден полиция бөлімшесіне барып, арыз жазыпты. Иттің қожайыны 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Мұндай жауапкершілікке жануардың иесі баланың жағдайы оңалып кетсе ғана тартылады. Ал, егер жарақаты ушықса, іс сотқа дейін жетуі мүмкін.

Вадим Курьянов:

– Жараға дәрігерлер иттің сілекейін шығару үшін түтік орнатты. Сол себепті, жарақатты толық тігуге мүмкіндік жоқ. Жалпы, баламның зақымдалған жерін емдеу ұзаққа созылмақ. Оның аяққа тұруына шамамен екі-үш апта қажет, ал жарасының толық жазылып кетуіне 2 ай уақыт керек.

Тағы Михаил құтырмаға қарсы 3 ай бойы күніне 6 екпеден алмақ. Себебі, үй жануарының тиісті құжаты жоқ. Еріктілер жаңа қожайынға берерде ешбір ветеринариялық-санитарлық шараларын жүргізбеген көрінеді. Тек күшікті стерильдеген сыңайлы. Алайда, мал дәрігерлерінің сөзінше, бұл керісінше иттің адамдардан жатырқап, дұшпан ретінде көруіне себепкер болады екен. Қазір Рексті ветеринар мамандар бақылауға алмақ.

Ирина Гуськова – қалалық ветеринариялық станцияның мал дәрігері:

– Егер жануар құтыру ауруына шалдықса, оның белгілері 10 күннің ішінде байқалуы тиіс. Яғни, иттің температурасы көтеріліп, белсенділігі артады. Тағы ол күннің көзі мен судан қорқа бастауы мүмкін. Негізі жыл басынан қала аумағында құтыру ауруына шалдыққан бірде-бір жануар тіркелмеді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Жалпы, үстіміздегі жылы ветеринария станциясына қала тұрғындарынан итті ұйықтату жөнінде 700-ге жуық өтінім келіп түскен. Олардың 500-дейі қожайыны бар жануарларға қатысты. Алайда, заңға сәйкес, құтыру ауры жоқ үй төртаяқтыларын өлтіруге рұқсат етілмеген. Тағы 170 жағдайда петропавлдықтарды қаңғыбас иттер қауып алған. Бүгінде адамға шапқан иттердің барлығы бірдей ұйықтатылыпты.

Эльмира Сәдуақасова