Мәдениет

Теріскейлік суретші Вячеслав Смирновтың 35-ші көрмесі ашылды

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында теріскейлік суретші Вячеслав Смирновтың 35-ші жеке көрмесі ұйымдастырылды. Қылқалам шебері қала тұрғындарына өлкеміздің әсем табиғаты бейнеленген 50-ге жуық картинасын ұсынған. Аталған көрме 1 айға жалғасады.

Мына жердегі барлық картиналарда туған өлкеміздің көрікті жерлері мен әсем табиғаты бейнеленген. Бұл туындылардың авторы Жамбыл ауданының тумасы – Вячеслав Смирнов. Қылқалам шеберінің үйінде кішігірім шеберханасы бар екен. Қолы бос болған уақытта суретші өзіне ұнаған табиғат көріністерін қағаз бетіне түсіреді. Мәселен, “Тасқыннан кейінгі бөген маңы” картинасы – автордың сүйікті туындыларының бірі. Жалпы көрме залына 50-ге тарта картина қойылған.

Вячеслав Смирнов – суретші:

– Бүгін мен көрермендерге өзімнің 35-ші жеке көрмемді ұсынып отырмын. Бұл туындыларды қыс мезгілінен бері сала бастадым. Аққайыңдар өлкесіне арналған еңбектерімнің барлығы майлы бояумен салынған. Өзім балықшы болғандықтан, табиғат аясында жиі болып тұрамын. Жалпы, менің 1500-ге жуық еңбегім бар.

Бүгінгі шығармашылық кешке Вячеслав Смирновтың жақындары мен достары жиылды.
Солардың бірі – Любовь Ткаченко. Нәзікжанды көрмеге Ресейдің Қырым қаласынан арнайы келген екен.

Любовь Ткаченко: Вячеслав Смирновтың туысы:

– Туындылардың барлығы көздің жауын алады. Әсіресе, “Алғашқы қардың еруі” деген картинасы көңілімнен шықты. Вячеслав Смирновтың көрмесіне отбасымызбен бірге осымен 3-ші рет келіп отырмыз. Үйімізде оның сыйға тартқан 4-5 еңбегі бар.

Көрмені тамашалауға келгендер картиналардың жоғары шеберлікпен салынғанын айтады.

– Бізге барлық суреттер ұнады. Автор туындыларында өңірдің табиғатын тамаша бейнелеген екен.

– Мен Вячеслав Смирновты бұрыннан танимын. Өте дарынды суретші. Оған болашақта сәттілік тілеймін.

Вячеслав Смирновтың “Жыл мезгілдері” атты жеке көрмесін облыстық бейнелеу өнері музейінде 1 ай бойы тамашалауға болады.

Молдир Макишева