Солтүстікқазақстандықтар Спорт күнін атап өтті

Спорт

20:43 20 Тамыз 2018

Тамыздың үшінші жексенбісі қазақстандықтар спорт күнін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде 356 теріскейлік спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді, ал соңғы бірер жылда спорт саласына бөлінетін қаржы көлемі 3 есеге артқан. Мейрам қарсаңында саланың туын көтеріп жүрген жерлестеріміздің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Бұл спортшыларға, сала ардагерлері мен бапкерлерге, сондай-ақ салауатты өмір салт- ын серік еткен отандастарымызға ортақ мереке. Мейрам қарсаңында бас қосқан жерлестеріміз алдымен өңірлік спорт мектептері мен мекемелерінің жетістіктері баяндалған ауқымды көрмені тамашалады. Өз тәрбиеленушілерінің медальдары мен кубоктарын күрестен облыстық МБЖСМ-да паш етті. Бүгінде мұнда 500-ге жуық жеткіншек тәлім алады екен. Арасында ел байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген саңлақтар да бар.

Мейрам Хамзин – күрестен облыстық МБЖСМ жетекшісі:

– Аманғали Бекболатов әскерилер арасындағы Азия чемпионатында екінші орын алды. Азия біріншілігіне қатысқан 9 таэквондошымыздың 4уі жүлделі оралды. Биылғы жылы осчындай жетістіктеріміз бар.

Көрмені тамашалап болған соң жұртшылық залға жиналып, салтанатты іс-шара басталды. Алдымен меймандарды Қазақстан Республикасының Спорт күнімен өңір жетекшісінің орынбасары Антон Федяев құттықтады.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

Қазақстанда спорт түрлі ұлт пен ұлыс және дін өкілдерін біріктіретін қуатты күш. Сондықтан, оны дамыту, спортқа бұқараны тарту өте маңызды. Дүбірлі додадағы әрбір жеңіс – бұл атлеттің және бапкердің көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, саланың туын көтеріп жүрген барлық жандарды кәсіби мерекелері – Спорт күнімен құттықтаймын. Табыс, денсаулық, отбасы амандығын тілеймін.

Кейін еңбегімен ерекшеленген бапкерлер мен сала қызметкерлерінің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттары табысталды. Өзге жерлестеріміз Мәдениет және спорт министрлігінің марапаттарына ие болды.

Бұдан бөлек, облысымыздың үкілеген үміттері, жаһандық біріншіліктерде топ жарған спортшылардың бірқатарына “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атағы берілді. Арасында жерлес пауэрлифтер Светлана Пивень де бар.

Светлана Пивень – пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Спорттың бұл түріне мені алғашқы бапкерім Мария Тимошина алып келді. Тұңғыш рет бағымды ел біріншілігінде сынап, бірден топ жардым. Онда Қазақстанның спорт шебері атағын қорғаған едім. Ал, өткен жылдың желтоқсанында Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынып, міне, бүгін жоғары атаққа ие болып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Бапкеріме, отбасыма алғысым шексіз.

Жалпы үстіміздегі жыл өлкедегі спорт саласы үшін жемісті болды. Әлем және Азия чемпионаттарынан қанжығаларын майлап келген жерлес спортшылар жетерлік. “Қызылжар-СҚ” құрамасы араға 8 жыл салып, Премьер-Лигаға қайта оралып, футболсүйер қауымды бір марқайтты. “Құлагер” хоккей клубы екінші мәрте ел кубогін иеленді. Бұдан бөлек, Кореядағы қысқы паралимпиадалық ойындарда ел намысын қорғаған 7 қазақстандықтың 4-уі – біздің жерлестеріміз. Олар да жақсы нәтижемен оралды.

Александр Герлиц – шаңғы спортынан 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының қатысушысы:

– Паралимпиада ойындарында 4-ші орынды қанағат тұттым. Жүлдеге сәл жетпей қалды. Бірақ, нәтижем көңілімнен шығады. Сондай-ақ, былтырғы Әлем кубогінде сәтті өнер көрсетіп, жекелей есепте 12-ші орынға тұрақтаған болатынмын. Қазір жаңа маусымға даярлық қызу жүріп жатыр.

Жалпы алсақ, спорт – бұл елдің әлемдегі имиджін көтеретін маңызды салалардың бірі. Жаһандық додада топ жарған спортшы үшін байрақ көтеріліп, әнұран шырқалады. Жыл санап бұқараның спортқа деген сүйіспеншілігі артып келеді. Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың 30 пайызы тұрақты түрде салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл статистиканы одан әрі жақсарту жолында дене шынықтыру және спорт басқармасы ауқымды шаруа атқаруда.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгінде Ұлттық құраманың қатарында 356 теріскейлік спортшы бар. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Соңғы 3 жылда спорт саласына бөлінетін қаржы көлемі шамамен 3 есеге өсті. Мемлекет тарапынан қолдау мығым. Спорттың кез келген түрін бірдей дамытуға ден қойып отырмыз. Мәселен, соңғы 5 жылда өңір бойынша 400 хоккей корты салынды. Олардың 10-ы – жабық алаңдар.

Бұдан бөлек, бүгінде Индонезия астанасы – Джакартадағы жазғы Азия ойындарында Ұлттық құрама сапында 9 солтүстікқазақстандық саңлақ ел намысын қорғауда. Спорт күнін мерекелеу шарасы жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

“Qyzyljar” ФК “Академия Оңтүстік” командасын жеңді
Палуандар жеке жаттығу базасына ие болды
Аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары шахмат ойнады
“Құлагер” ХК “Ақтөбе” құрамасынан минималдық есепте басым түсті
Тартысты матч тең аяқталды
Хоккейшілеріміз қарымта кездесуде басым түсті
Нұрқожа Қайпанов күміс медаль еншіледі
Қарымта кездесуде құлагерліктер “Altai Torpedo”-дан жеңіліс тапты
Өңірде жекпе-жектен облыстық турнир өтті
Киокушинкай каратеден қала әкімінің кубогі өтті
Жерлес футболшылар чемпион атанды
Көркем гимнастшылар сынға түсті