Әр түрлі

Петропавлда “Қауіпсіз өнімді таңда” акциясы өтті

Қауіпсіз өнімді таңда! Бүгін осындай атаумен облыс орталығында кезекті акция өтті. Шара барысында Ұлттық сараптама орталығының жергілікті филиалының мамандары “Алтын арман” базарында болып, азық-түліктерге сынама жасады.

– Біз қаламыздың сауда нүктелерінен күнде азықүліктің сан түрін сатып аламыз. Мысалға, қарапайым алманы алайық. Сол жемістің сапасына сауда барысында 100 пайыз көзіміз жетпейді. Яғни, оның піскен-піспегендігін білмейміз. Міне, бүгін мына сауда орнында тамаша акция ұйымдастырылып жатыр. Шара барысында тұрғындар алманың қаншалықты сапалы екендігіне сараптама жүргізу арқылы көз жеткізе алады.

Ұйымдастырылған акция – “Қауіпсіз өнімді” таңда деп аталды. Шара халық көп жүретін “Алтын арман” базарында өтіп жатыр. Тексеріс жұмыстарын Ұлттық сараптама орталығының жергілікті филиалының өкілдері жүргізеді. Мамандар азық-түліктің сапасын тегін анықтап бермек.

Галина Стацюк – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің жетекші маманы:

Өнімнің қауіпсіздігін анықтауға арналған акцияға кез келген тұтынушы қатыса алады. Адам өзі сатып алған тауарды мамандарға әкеліп, сынама жасатуға мүмкіндігі бар. Қызметкерлер азықтүліктің құрамындағы нитраттың мөлшерін анықтайды. Микробиологиялық сараптама жүргізеді. Бұның бәрі тұрғындардың ішек ауруларына шалдықпай, денсаулықтарын сақтаулары үшін өткізіліп жатыр.

Акция барысында ақ халатты жандардың көмегіне бірен-саран адам ғана жүгінді. Солардың бірі – Анастасия Ракова. Ол банан өніміне сынама жасады. Жемістің құрамындағы нитрат мөлшерін тексерген мамандар өнімнің сапасы жақсы екенін айтты.

Анастасия Ракова – қала тұрғыны:

Өз басым мұндай акциялардың жиірек өткендігін қалаймын. Қоғам үшін маңызыдысы, мұндай шаралар арқылы сатып алынған азықүлік жеуге жарай ма, жарамай ма – соны біліп аламыз.

Мамандар көкөністен бөлек шұжық, кондитерлік өнімдерді де тексерді. Тағы, сүттің құрамына да сынама жасатты. Мәселен, қазір сарапшы ақтың қышқылдығын анықтап жатыр. Ол үшін жұмыс барысында арнайы қондырғыны пайдаланды.

Бибінұр Хлевова – “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ РМК СҚО бойынша филиалының зертхана маманы:

Қолымыздағы индикаторлық қағазды сүтке батырамыз. Оны 1-2 секунд ұстаймыз.
Кейін,
қағазды сілкиміз. Сүртіп, артық заттардан арылтамыз.Бұдан соң, тағы бір мұқият сүртеміз де шкалаға қараймыз. Сынама алған өнімнің түсі сапалы сүттікімен бірдей. Яғни, оны тұтынуға болады.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде “Қауіпсіз өнімді таңда” акциясы 123 рет ұйымдастырылыпты. Онда қызметкерлер 1100-ден аса сынама жасаған. Нәтижесінде денсаулыққа зиян келтіретін бірде-бір тауар анықталмаған.

Байболат Култанов