Спорт

Петропавлда алғаш рет америкалық футбол ойыны өтті

Таңсық ойын – Қызылжар төрінде. “Астана Вулс” пен ресейлік “Омские Барсуки” құрамалары сырт алаңда жолдастық кездесу өткізді. Петропавлдағы “Жастар” стадионында ұйымдастырылған ойын 3 сағатқа жалғасты.

Америкалық футбол – шапшаң әрі өжет ерлердің ойыны. Спорттың бұл түрі елімізде аса қатты дамымаған. Бірақ, бұдан бірнеше жыл бұрын осы ойынға құмар отандастарымыз елордада “Astana Wolves” америкалық футбол командасын құрыпты. Бүгін олар сырт алаңда ресейлік “Омские Барсуки” құрамасымен жолдастық кездесу өткізбек.

Көп күттірмей тартысты ойын басталып кетті. Қос құрама ойыншылары бірін-бірі жақсы біледі. Бұған дейін олар сырт алаңда 2-3 ойын өткізген болатын. Бұл жолғы кездесуде допты ойынға қосу мәртебесі елордалықтарға бұйырды. Ал, ресейліктер болса, допты ұстап жүгірген ойыншының жолын бөгеп қалуға барын салуда. Өстіп, 4 мүмкіндікті өз пайдасына шеше алмаған астаналықтар алғашқы 15 минутта ұпай жинай алмады. Кейін, допты иемденген “Омские Барсуки” командасы қарсыласының қорғаушылар қақпасын бұзып өтіп, ұпай салуға тырысты. Алайда, ол әрекеттерінен еш нәтиже шықпай, есеп аша алмады.

Александр Лапин – “AFC Badgers” командасының капитаны, РФ:

– Біздің ойыншылардың қарсыластарға қарағанда тәжірибесі аздау. Олардан үйренеріміз көп. Қазақстандық футболшылар тактикалық тұрғыда бізден басым түсуде. Ойын соңына дейін әлі ұпай салатын тамаша мүмкіндіктер болады деп сенемін.

Ал, 2-ші тоқсандықта жинақы ойнаған астаналықтар қорғаушыларға тойтарыс беріп, алғашқы 8 ұпайды қоржынға салды. Бұдан кейін де “Astana Wolves” әр мүмкіндікті қалт жібермей, есепті өз пайдасына шешіп отырды.

Ерік Молдабаев – “Astana Wolves” командасының капитаны, ұйымдастырушы, Астана қаласы:

– Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес. Алдағы уақытта да 2 елдің құрамалары бейтарап алаңда жолығады. Жалпы ойын 4 тоқсандықтан тұрады. Әрқайсысы 15 минутқа созылады. Әр командада 11 қорғаушы мен дәл сонша шабуылшыдан бар.

Жауын-шашынға қарамастан америкалық футболды сүйіп көретін петропавлдықтар стадионда тапжылмай отырды. Осы ойынның өтетіндігін естіген жерлестеріміз қанша сағат болса да тамашалауға даяр.

– Америкалық футбол біз көріп жүрген ойынға мүлдем ұқсамайды. Киген киімдері де ерекше. Ойын тәртібі сәл түсініксіздеу болса да өте қызықты екен.

– Ойын қызықты, бірақ кей жері түсініксіздеу. Негізі, ойын тамаша өтуде. Осындай кездесулер жиі болса, жақсы болар еді.

Осылайша, 3 сағатқа созылған жолдастық кездесуде “Astana Wolves” қарсыластарын шаң қаптырып, 42 де 6 есебімен жеңіске жетті.

Бахыт Садвокасов