Мәдениет

Петропавлда “Анна Франк. Тарих сабақтары” атты көрме ашылды

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Анна Франк. Тарих сабақтары” атты көрме ашылды. Жұртшылық назарына 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің концлагеріне түскен кішкентай еврей қызының естеліктері ұсынылған. Жылжымалы көрме Петропавлда қыркүйектің 20-сына дейін жұмыс істемек.

Анна Франк – тағдыр тәлкегіне түскен еврей қызы. Ол жастайынан Германиядағы нацистік режимді көріп өскен. Отбасымен бірге қудалауға ұшыраған оларды кейін концлагерьге қамайды. Сол жерде жеткіншек бастан өткерген оқиғалары жайлы күнделігін жаза бастаған.

Айгерім Сейтенова – «Еркіндік қанаты» ҚҚ менеджері, Астана қаласы:

– Анна Франк. Тарих сабақтары” атты көрме үшінші жыл қатарынан Қазақстан қалаларын аралап келеді. Осыған дейін еліміздің 8 шаһарында болдық. Петропавл – біз аялдаған 9-шы қала. Жалпы, аталмыш экспозицияны солтүстікқазақстандықтар қыркүйектің 20-сына дейін тамашалай алады. Кейін көрме республикамыздың өзге де аймақтарында жалғаспақ.

15 жасар Анна Франктің жазбаларында еврейлердің басқа елде пана тапқаны туралы, жазықсыз жандардың өмірі мен ажал лагерінде көрген қиянаттары, бейбіт өмірді армандауы сипатталады.

Солтүстікқазақстандық белсенді жастар күнделіктен үзінділер оқып, келушілерге Анна Франктың қилы тағдыры жайлы баяндады.

Арман Батраханов:

 – Бұл іс шара тағдыр тәлкегіне түскен еврейдің қызы Анна Франктың өмірі мен шығармашығы туралы. Сол кездері фашистік Германияның саясаты еврейлерге қарсы болды. Ол туралы тарих сабақтары мен кинолардан білеміз. Негізінен, А.Франктың туындылары адамгершілік пен кішіпейілділікке баулиды. Меніңше, мұндай оқиғалар тарихта ешқашан қайталанбауы тиіс.

Жылжымалы тарихи көрмені қазақстандық «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры нидерландылық «Фридрих Эберт» қорының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Әлемді күнделігімен ізгілікке шақырған еврей қызы туралы көрме 60 мемлекетте көрсетіліпті. Бүгінгі күні бұл экспозициямен 12 млн-нан астам адам танысып үлгерген.

Альмира Жетписбай