Көлік және жолдар

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында бөлінген қаражат – жіті бақылауда

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында бөлінген қаражат – жіті бақылауда. Баспаналар мен жол құрылыстарының барысын жергілікті депутаттар ғана емес, төменгі палатаның өкілдері де қадағалап жүр. Мысалы, өңірімізге кезекті рет жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Петр Шарапаев келіп, Челябі-Новосібір бағытындағы жолдың сапасын байқады.

Челябі-Новосібір бағытындағы күре жол түбегейлі жаңғыртылуда. Мамандар ескі асфальтты толығымен алып тастап, орнына бірнеше қабатын төсеуде. Бұл жұмыстар өткен жылдың қыркүйек айынан бері жүріп жатыр. Жоспар бойынша 2 жылдың ішінде жалпы ұзындығы 60 шақырым жаңғыртудан өтуі тиіс. Соның тең жартысындағы жұмысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» жергілікті өкілдері биыл аяқтаймыз деп отыр.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл 30 километрдің 17-сіне асфальт төселді. Қалған учаскелерде орын дайындалып жатыр. Бұл аумақтың 1 метрге дейін топырағын алмастырдық. Одан кейін үстіне қиыршық тас төктік. Содан соң қалыңдығы 28 сантиметр асфальт төселді. Ол үш қабаттан тұрады. Әрбіреуінің фракциясы түрліше.

Петропавл-Ишим қалалары аралығындағы автожолды қайта жаңғыртуға “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 27 млрд теңге бөлініпті. Қаражаттың игерілуі мен учаскедегі
атқарылған шаруаның барысын Мәжіліс депутаты Петр Шарапаев байқады. Елордалық мейман істелген жұмыстардан ешбір олқылық таппадым дейді.

Петр Шарапаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қаражат кестеге сай игерілуде. Күн райы аздап кедергі келтіруде. Мердігерлер жұмыстарын жақсы атқарып жатыр екен. Көрініп тұр. Жол салу жұмыстары – стандарт бойынша. Мамандар екі қабатын төсеген, тағы 5 сантиметрлік асфальт жабындысы қалыпты. Технологиясы солтүстіктің климатына келеді.

Мердігерлер асфальттфң сапасына бірнеше ондаған жыл кепілдік беріп отыр.
Сәтін салса, Челябі-Новосібір бағытындағы жолды келесі жылдың күзінде қолданысқа тапсыру көзделуде.

Берік Қасен