МТРА жаңалықтары

МТРА-дан түлеп ұшқан журналистер

Алғаш рет қолына Муниципалдық телеарна микрофонын ұстаған кешегі жас журналистердің басым бөлігі бүгінде республикалық телеарналар мен ақпараттық агенттіктерде еңбек етіп жүр. Қаншама білікті маман мансабының бастауы болған арнаның 20 жылдығы қарсаңында бұрынғы тілшілеріміз қол жеткізген толағай табыстармен бөлісуді жөн көрдік.

Кәсіби жолын Муниципалдық телеарнадан бастаған тілшілердің көбі бүгінде “Хабар”, “КТК”, “KAZAKH TV” сынды арналар мен ақпараттық агенттіктерде қызмет істейді. Танымал отандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері халықтың жоғын жоқтап, қамын жеп, болып жатқан соңғы жаңалықтардан хабардар етеді.

Самат Қайырденұлы – “Хабар” телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

– Жарты жылдан астам уақыт еңбек еттім. Мұнда мәтін жазу, ақпаратты өңдеу, көрерменге дұрыс жеткізуді үйрендім, тәжірибе жинақтадым.

Саят Ермек – тілші:

– Арна әрқашан өзінің бұрынғы тілшілерімен мақтанады. Себебі, әрдайым мақтануға тұрарлық қалам мен микрофон шеберлерін даярлап шығарады. Мұндағы журналистік мектептен өтіп, мансап баспалдағымен әрі қарай жоғары өрлеген кәсіп иелері өте көп.

Бұл тізімге Жеңіс Ермұқанов та кіреді. 2007 мен 2014-тің аралығы. Жеті жыл бойы ол жергілікті арна қабырғасында тер төкті, кәсіпті меңгерді, шыңдалды. Қазір әлемнің 200-ге жуық еліне хабар тарататын “KAZAKH TV” арнасында еңбек етеді.

Жеңіс Ермұқанов – “KAZAKH TV” арнасының тілшісі:

– Бір оқиға әлі күнге дейін есімде. Андер Воловик есімді оператор екеуіміз өрт оқиғасына түсірілімге бардық. 10 шақты саяжай күйді. Бір әжеміз өзінің бақшасын өрттен қорғаймын деп, шелектеп су құйып жүргенде, от ортасында қалып қойыпты. Оператор екеуіміз жұмысты тастап, оны жалыннан шығарып алдық.

Бізден шыққан масс-медиа мамандарының бір бөлігі көпшілік сүйіп көретін “Хабар” арнасында халық игілігіне қызмет етіп жүр. Мәселен, Руслан Оспан Мунипалдық телеарна жаңа құрылып жатқан шақта жұмысқа келген. Жалпы, журналистика саласында талай жыл тер төккен азамат – бүгінде “Хабар”дағы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы.

Руслан Оспан – “Хабар” телеарнасы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы:

– Арнаға келгенде журналистика дегеннің не екенін білмедім. МТРА-да үйрендік. Бейнегүл Жылқайдарова, Халия Жулдаспаева бізге ұстаздық етті. Олар өз ісінің нағыз шеберлері.

Үш жыл көлемінде Муниципалдық телеарна жаңалықтарының жүргізушісі мен тілшісі міндеттерін қатар атқарған Риат Шониге креатив пен жылдамдық тән. Өзін болашағы зор, еңбекқор ретінде таныта білген жас журналист бүгінде республикалық арнада қызмет етуде.

Риат Шони – “Хабар” телеарнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі:

– Алғашқы тікелей эфирімде тіземнің дірілдегені әлі есімде. Бірақ бара-бара тәжірибе жинадым. Жас мамандар кәсіби жолдарын осы арнада бастаса, республикалық БАҚ-та өздерін суда жүзген балықтай сезінетін болады. Мұны мен сеніммен айта аламын.

Бірақ, телевизияда тек журналистер мен бейнеоператорлар ғана тер төкпейді. Бұл – ұжымдық еңбек. Эфир және дыбыс режиссерлері, бейнемонтажерлар – сапалы материал жасау жолында олардың атқарар еңбегі зор. Кәсіби жолын Муниципалдық телеарнада бастаған Ербол Айбасов та бүгінде “Хабар” арнасының маманы.

Ербол Айбасов – “Хабар” телеарнасының бейнеинженері:

– Муниципалдық телеарнада жұмыс істеген 5 жылдың ішінде көп нәрсені үйрендім. Мұндағы ұжым өте ұйымшыл. Жаңалықтарды эфирге 5 минут қалғанда беретін кездер де болды. Сонда бір команда болып, өзара түсініспеншіліктің арқасында материалды тез әрі сапалы жасап шығаратынбыз.

Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра берсек, эфир уақыты жетпес. Кәсіптің қызығын да, шыжығын да бірге көрген, ыстығы мен суығына төзген, журналистиканың оңай сала емес екенін осында түсінген бұл мамандар Муниципалдық телеарна ұжымына, өзін тәрбиелеген ұстаздарына шексіз риза.

Ақбөпе Тәңірберген – “Хабар” телеарнасы бағдарламалар өндірісі бөлімінің редакторы:

– МТРА-ның маған бергені мол. Менің ойымша, Дана Ғизатова, Халия Жулдаспаеваның алдынан өткен журналист жаман болмайды

Кәусар Аяпбергенқызы – “Atameken Business” арнасының жүргізушісі, арнайы тілшісі:

– Менің мәтіндерімді түзеп, тәлім берген Дана Ғизатоваға, Халия Жулдаспаеваға, Гүлмира Шоқтыбаеваға айтар алғысым шексіз.

Кезінде – Муниципалдық телеарнада, бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген журналистер – арнамыздың мақтанышы, ал тілшілердің жас буыны үшін үлгі.

Саят Ермек