Қоғам

Кәсіподақ мүшелеріне арналған семинар

Жалақының төленбеуі мен жұмыс уақытының шамадан тыс ұзартылуы. Бүгінде кәсіподақ мүшелері жиі кезігетін проблемалар осы.

Кәсіпшілер одағы әрбір қазақстандыққа бұрыннан бері таныс. Алайда, оның міндеті мен мақсаты жайлы барлығы бірдей біле бермейді. Біреулер үшін ол маманның құқығын қорғайтын бірлестік болса, екіншілері мерекелерді ұйымдастыратын жұмысшылар тобы деп санайды. Кәсіподақ еңбек заңнамасының сақталуын қадағалап, ұжымдағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталып құрылған. Бұл ретте мақсат-міндеттердің орындалу деңгейі, ең алдымен, көшбасшыға байланысты екен.

Лариса Бояр – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығының аймақтық өкілі, Алматы қаласы:

– Кәсіподақ пен оның көшбасшысы кез келген проблемаларға кезігуі мүмкін. Оны заң және адамгершілік тұрғысынан дұрыс шеше білу оңай шаруа емес. Сондықтан, екі күндік семинарда құқық негіздері, кикілжінді болдырмау, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу сынды өзекті мәселелерді талқылайтын боламыз.

Жиылған қауымға лекция оқып, еңбек заңнамасының негіздерін заңгерлер түсіндіруде. Мамандардың кәсіподақ саласындағы тәжірибесі мол. Сондықтан, жерлестерімізге жұмысты жүргізудің қыр-сырын мысалдар келтіріп түсіндіріп берді. Мәселен, жалақының төленбеуі мен жұмыс уақытының шамадан тыс ұзартылуы. Бұлар бүгінде жиі кездесетін проблемалар тізімін бастап тұр. Кәсіподақ мәселені сотқа жеткізбей шеше ала ма? Заңгерлердің сөзінше, бұл аталған ұйым мен жұмысберушінң қарым-қатынасына байланысты.

Андрей Ушаков – «Азаматтық қорғаныс» ҚБ төрағасы, Алматы қаласы:

– Менің тәжірибемде жалақының төленбеуі салдарынан ұзаққа созылып кеткен бір сот ісі болды. Басшы жұмысшыларына айлықтарын беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Нәтижесінде, ол заңгер жалдауға еңбеккерлеріне қарыз сомадан 3 есе көп ақша жұмсады. Сот үкімі де оның пайдасына шықпады. Осылайша, принципке бой алдырған басшы қаншама қаржысынан айрылды. Сондықтан, біз істі фемида өкілдерінің қарауына жібермес бұрын, өзара талқылып көруді ұсынамыз.

Семинарда көтерілген сұрақтардың барлығы да өзекті. Жиналғандар тренерлердің әрбір айтқан сөзін мұқият тыңдауда. Себебі, бұл кәсіподақ жұмысына ғана емес, күнделікті өмірде де пайдалы болатын кеңестер.

Василий Поляков – Мамлют аудандық орталық ауруханасы кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары:

– Ауруханамызда жұмыс істейтіндердің 99 пайызы кәсіподаққа мүшелік етеді. Біз олардың құқығын қорғап, шамамыз келгенше көмек қолын созамыз. Бүгінгі семинар кәсіподақтың жұмысын әрі қарай дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Себебі, өзім үшін біраз жаңалық аштым.

Іс-шараны «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы Фридрих Эберттің Қазақстандағы қорының көмегімен ұйымдастыруда. Соңғысы елімізге қоғам мен жұмысшылар өкілінің құқығын қорғайтын бірден-бір ұйым ретінде танымал.

Эльмира Садвокасова