Құрылыс

Білім беру нысандарын жөндеуге 143 млн теңге бөлінген

Биыл облысымыздағы 6 білім беру нысанын күрделі жөндеуге жергілікті қазыналардан 128 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға мектептердің қасбеті жаңартылып, терезелері ауыстырылуда. Ал, ағымдағы қалыпқа келтіру жұмыстары / жоспар бойынша 7 ғимаратта жүргізілуі керек. Ол үшін 15 млн-нан астам қаражат тартылған екен. Бүгінде жөндеу шаралары білім ошақтарының басым бөлігінде аяқталып қалған.

21-ші орта мектеп қолданысқа 62 жыл бұрын тапсырылған болатын. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Тек 2016 жылы нысанның шатыры жаңартылған. Ал, биыл ғимараттың қасбеті қалыпқа келтірілуде. Бұған облыстық қазынадан 20 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті.

Борис Борисов – “Доломит” ЖШС шебері:

– Жөндеу жұмыстары шілденің 26-сы басталды. Қазір мектептің бір жақ бетін қалыпқа келтіріп жатырмыз. Негізі, жоспардың басым бөлігі орындалды. Енді, сырлау ғана қалды. Ауа райы кедергі келтірмесе, нысанды қыркүйектің 26-сы тапсырамыз.

Сондай-ақ, мектептің екі жақ қабырғасының ескі сылақтары алынуда. Мамандар оны қызғылт-сары түске боямақ. Барлығы – 15 адам еңбектеніп жатыр. Келесі аптада қосымша жұмыс күші тартылмақшы. Өйткені, нысанның алдыңғы жағын жаңа оқу жылы басталғанша дейін аяқтау міндеті тұр.

Ал, 8-ші мектепте жөндеу жұмыстары бітуге шақ қалған екен. Дәл қазір мұнда әрлеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Ботагөз Есімова – №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені директорының орынбасары:

– Білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы жасалды. Онда ғимараттың қасбеті қызғылт түске боялған болатын. Қалыпқа келтіру шаралары биыл да жалғасын табуда. Оған өңір бюджетінен 2 млн 900 мың теңге бөлінді.

– Ең бастысы, түрлі-түске боялған қабырғалар оқушыларға ұнаған сыңайлы.

– Мектебіміздің сырты бұрын қызғылт болатын. Ал, қазір кемпірқосақ сияқты бірнеше түске боялған.

– Әдемі түрлі түстер таңдалған екен. Енді мектепке келе жатқанда көңіл-күйіміз әрқашан көтеріңкі болады.

Айта кеткен жөн, келесі жылы республикалық бюджет есебінен өңіріміздегі 120 білім ошағына жөндеу жүргізілмекші. Қазір шаруаны атқаруға қажетті жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр.

Мөлдір Шаяхмет