Құқық қорғау органдары

Жыл басынан көше камераларының көмегімен 354 бұзушылық анықталды

Облыс орталығындағы 7 көше қиылысында “ақылды” камералар орнатылған. Құрылғылардың көмегімен жол ережелерін бұзушыларды сол мезетте құрықтауға болады. Мемлекеттік нөмірлердің иелерін анықтайтын камералар «Рубеж», «Оңтүстік» және «Батыс» бекеттерінде бар.


Белгіленбеген жерден өту, қарсы жолаққа шығып кету, бағдаршамның қызыл түсін елемеу. Ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, осыдан 4 жыл бұрын облыс орталығында бір күннің ішінде көше қиылыстарындағы заңбұзушылықтардың саны 300-ге дейін баратын. “Ақылды” камералар орнатылғалы бері ережені сақтамайтындардың қатары сиреді.

Дмитрий Лахтиков – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:


– Мираж» жүйелері көше қиылыстарына 2014 жылы орнатылған болатын. Ол бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен, жылдамдықты асырған көліктердің нөмірлерін суретке түсіріп алады. Кейін біз сол арқылы иесін тауып алып, заң алдында жауапкершілікке тартамыз.

Бүгінде аталмыш жүйенің тиімділігі уақытпен дәлелденді. Жыл басынан бейнетіркеуіш техниканың көмегімен қала бойынша 354 факті анықталған. Күн сайын көше қиылыстарында 3 бұзушылықтан тіркеліп отыратын көрінеді. ІІД келешекте 42 заманауи құрылғыны қиылыстарға орнатуды жоспарлауда. Бұл ойларын тәртіп сақшылары мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырмақшы.

Берік Қасен