Спорт

Спорт күніне орай жаппай жүгіру шарасы өтті

Облыста Спорт күніне арналған денсаулық мерекесі осымен 10 жыл өткізіліп отыр. Күннің ыстығына қарамастан театр алаңына ағылған жерлестеріміздің қатары аз емес. Қала тұрғыны Айбол Күдербеков зейнеткерлік жасқа таяп қалыпты. 62 жастағы жерлесіміз салауатты өмір салтын ұстанады.

Айбол Күдербеков – қала тұрғыны:


– Мен өзім 35 жылдай жүгіріп жүрмін. Сібір халықаралық жарысына Омбылда өткен соған қатыстым. Жастарға айтарым кішкентай кезінен қатыссын. Ол оңды. 2 жыл қатысқан емеспін. Қазір дайындалып жүгіруге толықтай әзірмін.

“Спорт – денсаулық кепілі” – демекші, салауатты өмір салтын ұстанушы теріскейліктердің саны жыл санап артуда. Бүгінде СҚО-да спортпен 170 мыңдай жерлесіміз тұрақты түрде шұғылданып келеді.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


– Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанушылардың санын арттыру болып табылады. Бүгінгі жаппай жүгіруге шамамен алғанда 500-дей петропавлдық қатысып отыр. Бұл шара Индонезия елінде өтетін Азияда ойындарына қатысушы теріскейлік спортшыларды қолдауға бағытталған.

Бірер сәтен соң, спортқа бір табан жақын петропавлдықтар жарыс жолына шығып, жүгіріп кетті. Олар қаламыздағы 4 көше бойымен 2 шақырымдық жолды жүріп өтіп, театр алаңына беттеді. Бірі жарыс жолынан шығып қалып жатса, енді бірі мәреге жетуге барын салды. Спорттық мереке соңында қатысушыларға дипломдар табыс етіліп, дараланғандары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бахыт Садвокасов