Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медициналық ұйымдардан 39 млн теңге көлемінде қаржы қайтарылып алынды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл облысымыздағы 52 медициналық көмек көрсету мекемесімен 92 шарт жасасқан. Оның 22-сі – жеке, ал қалғаны – мемлекеттік ұйымдар. Айта кетерлігі, жекеменшік клиникалардың саны жыл сайын артып келеді. Бірақ, барлық медициналық ұйымдар тең жағдайларда тексеріледі. Биыл жарты жыл ішінде атаған қор мамандары жалпы алғанда 39 млн теңге болатын медициналық көмек көрсетудегі кемшіліктерді анықтаған. Республика бойынша бұл сома 2,7 млрд теңгені құрайды.


Рашида Иванова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:


– Біздің мамандар күн сайын тексеріс жүргізеді. Негізінен мониторинг барысында кадрлар құрамы, ауруханалар мен клиникалардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, атқарылған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, тиісті іс-қағаздардың дұрыс толтырылуына назар аударылады. Көбіне кемшіліктер көп салалы ауруханаларда анықталады. Мәселен, қалалық 3-ші ауруханаға биыл 1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ал, облыстық онкология диспансерінде олқылықтар аз тіркелген екен. Бұл ұйымға тек іс-қағаздар жағынан ғана ескертулер жасалыпты.

Қабдрахман Сақтағанов – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:


– Жарты жылдық мониторингтің нәтижесі бойынша біздің диспансерде қажетті іс-қағаздарды электрондық форматта толтыру бойынша кемшіліктер анықталды. Ол үшін 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі таңда мұндай олқылықтарды болдырмау үшін қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы, онкологиялық диспансер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тиісті қызметтерді көрсету бойынша жиынтық құны 1 млрд 632 млн теңгеден астам сомаға келісім шарт жасасты.

Жалпы, медициналық сақтандыру қорының тексерісі нәтижесінде қайтарылып алынған қаражат ұйымдарға қайта берілмей, қосымша қаржыландыруды қажет ететін медициналық нысандарға үлестіріледі.

Молдир Макишева