Мәдениет

Достық үйінде музыкалық-поэтикалық кеш өтті

Достық үйіне жиналған қауым алдымен фотосуретші Александр Коротковтың көрмесін тамашалады. Жерлесіміздің кәсіби журналистикадағы еңбек өтілі 40 жылды құрайды. Көрмеге ол обьективіне ілінген Елорданың танымал нысандарының суреттерін ала келген. Сонымен бірге, фототілші теріскейдің сұлу табиғатын да назардан тыс қалдырмапты.


Александр Коротков – КСРО және ҚР Журналистер одақтарының мүшесі, фототілші:


– Ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында еңбектенгендіктен, жұмыс бабымен Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында болдым. Әр сапарымда көзге түскен ерекше көріністерді фотоаппаратыма түсіріп алатынмын. Қазір суреттерімнің саны 9 мыңнан асады. Жалпы, бүгінге дейін Петропавлда өзімнің жеке 11 көрмемді өткіздім.

Кеште көпшілікке ақын Марал Оспанованың кітаптары да таныстырылды. Ең алғашқы туындысы “Қызылжарым” деп аталады екен. 2002 жылы жарыққа шыққан еңбегінде теріскей өлкесі жайындағы өлеңдері қамтылыпты. Бұдан кейін де ақын түрлі жылдары “Сырлы сезім” және “Қоңыр дәптер” атты жыр жинақтарын шығарған.

Марал Оспанова – ақын:


– Әкем жазушы болғаннан кейін қанымда бар қасиет, ол – өлең жазу. Мектеп қабырғасында да, институтта оқығанда да жазатынмын. Бірақ, жыр жинағым бертін ғана – 2002 жылы басылып шықты.  Тақырыптарым сан алуан. Ел, жер, тіл. Одан кейін адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік туралы жазған өлеңдерім көп.

Қазіргі уақытта Марал Оспанова – құрметті еңбек демалысында. Жерлесіміз бойымда күш-қуат барда оқырмандарыма әлі талай жаңа туындыларымды тарту етемін деп отыр. Кеш соңында көрермендер өнерлі бүлдіршіндердің биін тамашалады.

 

Бахыт Садвокасов