ТКШ

Қаладағы су таратушы компания энерготиімді қондырғыларды орнатуда

Бүгінде “Қызылжар су” серіктестігінің балансында барлығы 20 кәріздік сорғыш станция бар. Соның бірі Петропавлдың солтүстік жағында орналасқан. Өнеркәсіптерден және Береке шағын ауданынан жер асты құбыры арқылы аққан лас су осында жиналады. 1966 жылдан бері жөндеу көрмеген бұл нысанның іші-сырты биыл қалыпқа келтіріліпті. Қондырғылары толығымен заманауи баламаларына алмастырылған. Аталған жұмыстарға “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жиынтық құны 253 млн теңге жұмсалыпты.


Ербол Нәбиев – “Қызылжар су” ЖШС су тарту кешенінің басшысы:


– Кәріздік станция швециялық су сорғыш қондырғыларымен жабдықталған. Ескі баламаларымен салыстырғанда электр энергиясын онша көп тартпайды. Тиімділігі жоғары агрегаттарды орнатудың арқасында тоқты тұтыну көрсеткіші 30 процентке төмендеді. Ай сайын 30 мың киловатт кетеді. Қаражат жағынан да үнемшілдікке қол жеткіздік. Жыл сайын электр энергиясына жұмсалатын шығын көлемі 5 млн теңгеге қысқарды.

Қуаты күшті шетелдік аппараттар тасқын кезінде және жаңбырлы мезгілдерде ағынды су қабылдап, оны қала сыртына ағызып отыруға қауқарлы. Жалпы, облыс орталығындағы 5 кәріздік сорғыш станция швециялық қондырғылармен жабдықталыпты. Демек, онда да электр қуатын тұтыну көрсеткіші мен қаржылық шығындары төмендеген.

“Қызылжар су” компаниясы жылы күндерді барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Қазіргі таңда су таратушы кәсіпорыннның мамандары Қаныш Сатпаев көшесі, 17 мекен-жайында жер астынан құбырлар тартуда. Олар арқылы әлеуметік маңызы бар нысандар мен көппәтерлік үйлерге таза тіршілік көзі жеткізіледі.

Вадим Ягодин – “Қызылжар су” ЖШС шебері:


– Ескі құдықты алып тастап, орнына жаңасын орнату үстіндеміз. Кейін көлбеу бұрғылау әдісін қолдана отырып, жалпы ұзындығы 130 метрге су құбырын өткіземіз. Су құбырының диаметрі – 110 миллиметр. Зауыт бұл пластикалық өнімге 50 жыл кепілдік береді. Яғни, құбыр жер астында жатса да, жарты ғасыр тозбайды.

Күн райы оң қабақ танытса, шаруаны 3 күнде тындырмақшы. Мамандар ерсілі-қарсылы өтіп жатқан адамдарға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Жерді бір жерден тесіп, құбырды көлбеу бұрғылау әдісі арқылы өткізуде. Кәсіпорындағылар осы технологияны 40 учаскеде қолданыпты.


“Қызылжар су” компаниясы бұл аппаратты жалға алған. Негізі, біреуін сатып алу үшін 100 млн теңге қажет екен. Ол қаражатты жергілікті серіктестік Еуропа қайта құру және даму банкінен қарызға алмақшы. Жалпы, Петропавл қаласы бойынша су құбырларының тозу деңгейі 70 %-ті құрайды.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:


– Су және кәріздік желілердің тозу деңгейін кеміту үшін жыл сайын 25 шақырым құбырды ауыстыру қажет. Бұл көрсеткішке, әзірге, қол жеткізе алмаймыз. Бар мәселе қаражаттың тапшылығында болып тұр. Биыл жалпы ұзындығы 7 шақырым су құбыры алмастырылуда. Ол шаруа аяқталуға шақ қалды.

Үстіміздегі жылы “Қызылжар су” кәсіпорны су құбырларының зақымдалған жерлерін, кәріздік құбырлардан шыққан ақауларды жөндеу үшін жалпы сомасы 510 млн теңге бөлген. Жыл басынан сол қаражаттың жартысынан көбі игеріліпті.

Берік Қасен