Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар үй құрылысының барысын байқады

Бұл – Жас өркен ықшам ауданында салынып жатқан 9 қабатты үй. 332 пәтерлі баспананы “Основание” серіктестігі тұрғызып жатыр. Аталған компанияның жұмысшылары істі өткен жылдың тамызында бастаған. Бүгінде мамандар шаруаның шамамен 45 пайызын тындырып қойған.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:


– Бұл нысанда пәтерлерден бөлек балаларға арналған екі шағын орталық болады. Біз ғимараттың іргетасын құйып, бірнеше қабатқа дейін тұрғызып қойдық. Қазір тас қалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге, сылақшылар, сантехниктер мен электриктер де өз қызметтерін атқаруда. Терезелер орнатылып, электр желілері тартылуда. Барлық шаруа уақыт бойынша тындырылып жатыр. Құрылыс алаңындағы іске 120-ға тарта адам тартылған.

Осы атқарылған және тындырылып жатқан жұмыс барысымен “Нұр Отан” партиясының бақылау комиссиясының мүшелері мен облыстық және қалалық мәслихат депутаттары танысуға келді. Оларға мердігер құрылыс барысын түсіндіріп берді.

Сергей Тимофеев “Основание” серіктестігі үй маңына көлік тұрағын салмайтындығын айтты. Бұл істі басқа компания атқаруы тиіс. Кейін, нұротандықтар баспананың ішіне кірді. Мұнда олар пәтерлерді қарап, орнатылған терезелер мен жылу және электр желілерін байқады. Әңгіме барысында мердігер өзекті мәселені баян етті. Ол құрылысқа қажетті кірпішті Көкшетау мен Астанадан тасымалдайды екен. Жол машақаты әжептәуір салмақ түсіретін көрінеді. Бұл қиындықтан арылу үшін өзімізде тиісті зауыт салынса деген өтінішін білдірді.

Ал, бұл – “Казградстрой” серіктестігі салып жатқан 12 қабатты үй. Баспана жоспар бойынша келер айдың 30-ында тапсырылуы керек. Бірақ, өзіміз көріп тұрғандай ғимарат құрылысының аяқталар түрі жоқ. Бұны компания директоры былай түсіндірді.

Александр Авдеев – «Казградстрой» ЖШС бас директоры:


– Біздің қалада құрылысшылар жетіспейді. Әсіресе, тас қалаушылардың қатары өте аз. Сол себепті, мамандарды басқа өңірлерден әкелуге мәжбүрміз. Қазір нысанды 70-тен аса адам тұрғызып жатыр. Олар күндіз-түні жұмыс істейді. Соның өзінде бұл істі жоспар бойынша орындауға аздық етеді.

Басты мәселе бұл да емес. Өзекті проблеманы шешу үшін ақшаның аздығы кедергі келтіріп тұр.
Жалпы, бұл нысан кірпіштен емес монолиттен тұрғызылып жатыр. Оны “Казградстрой” серіктестігі өздері дайындайды екен. Александр Авдеевтің айтуынша, бұл материал берік екен.


Сонымен қатар, бақылау комиссиясының мүшелері мен облыстық және қалалық мәслихат депуттары Ж.Жабаев көшесінің келесі жағында бой көтерген 144 пәтерлі үйге де бас сұқты. “Стройкомпания” серіктестігі салып жатқан 9 қабатты ғимарат желтоқсанда халық игілігіне берілуі керек. Жұмыстың негізгісі аяқталыпты. Дегенмен, атқаратын шаруа жетерлік. Бүгінге дейін тұрғын жайға жылу желісі тартылмаған. Бұл шаруаны мердігер кәсіпорын емес, басқа компания тындыруы тиіс. Бірақ, ондай ұйымды қалалық әкімдік әлі таппапты. Проблемалардың барлығын нұротандықтар назарға аламыз деп отыр.

Юрий Белоног – Облыстық мәслихаттың депутаты:


– Бүгінгі рейд бойынша біз жиналыс өткіземіз. Кездесуге қалалық әкімдіктен, құрылыс басқармасынан өкілдерді шақыртамыз. Олармен бірге мердігерлердің мәселесін қарастыратын боламыз.

Айта кетейік, бұл баспаналардың шаршы метрінің бағасы әр түрлі. Бірі 195 мың теңге болса, қалғандарында 144 және 163 мың теңгеден айналады. Бірақ, үйлер “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында тұрғызылып жатыр. Сол себепті, баспаналардың шаршы метрінің құны 140 мың теңгеден болады. Ал, қалған соманы құрылыс компаниясына мемлекет өтейді. Пәтерлерге Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен осы қаржы ұйымында депозит ашып, қалалық әкімдікте кезекте тұрған жерлестеріміз ие бола алады.

Әмір Нұрмұқанов – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:


– Салымшы баспана сомасының 20 пайызын жинауы керек. Азаматтың меншігінде үй болмауы қажет.

Жалпы, осы күні Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті филиалындағы салымшылардың саны 37 мыңды құрайды.

 

Байболат Култанов