Білім

Ата-аналар қауымы балаларын мектепке әзірлеп жатыр

7 жасар Ярослав биыл қалалық №1 лицейдің 1-ші сыныбына бармақ. Ақ көйлек, күрең жилет, қара шалбар мен галстук. Айнаның алдында сәнденіп тұрған балақайға мектеп формасы қатты ұнайды. Сондықтан, ол 1-ші қыркүйекті асыға күтіп жүр.


Мектепке Ярославтың туған қарындасы Лада да барады. Тек даярлық топқа. Ағалы-қарындас өздерінің су жаңа портфельдерін ақтарып, түсті қарындаштар, қаламсаптар мен дәптерлеріне қызыға қарауда. Олардың бәрін бүлдіршіндердің өздері таңдаған.

Ярослав Михайленко:


– Маған сөмке таңдаған ұнады. Анам екеуіміз көк түстісін сатып алдық.

Лада Михайленко:


– Менің тезірек мектепке барып, достар тапқым келеді. Оларға алған заттарымды көрсетемін.

Бір балақайды мектепке жинау үшін ата-анасы шамамен 40 мың теңге жұмсапты. Мәселен, Ярослав үшін арнайы тігілген мектеп формасының құны – 11 мың теңге. Арқаға зиян келтірмейтін екі бірдей портфель шамамен 15 мың, ал кеңсе жабдықтары 10 мың теңгеге шықса керек. Анасы Юлия аяқ киімнен басқасының бәрін бұрын сатып алып қойған.

Юлия Сименяк – Ярослав пен Ладаның анасы:


– Ұлым мен қызымды ертіп дүкендерді аралау, таңдау, бірге уақыт өткізу маған қатты ұнады. Қаржылық жағынан еш қиындық көрген жоқпын. Себебі, мен қажеттінің бәрін бір күнде емес, біртіндеп сатып алып отырдым. Сондай-ақ, бала мектепке барсын-бармасын, оған киім-кешек әперу керек қой. Сондықтан, бұл біз үшін күтілген шығын болды.

Саят Ермек – тілші:


– Дегенмен, көп ата-ана баланы мектепке жинағанда қолына іліккен, қажет болады-ау деген заттардың бәрін өз білгенінше сатып алып жатады. Кейін жұмсалған қаражат сомасын есептегенде, асыра сілтеп жібергендігін аңғарады. Осы орайда, мектептің көмегіне жүгінген абзал. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршінге не керек? Оқу ошағы дайын тізімді қолыңызға береді. Осылайша, басы артық шығындардан арылуға болады.

Қазір қалам-қарындаш сататын қала дүкендерінде нағыз қарбалас. Осыны пайдаланып, кей сауда орындары бағаны шарықтатып жібереді. Кейбірі, керісінше, клиенттерді тарту үшін өсірмейді. Мәселен, жергілікті дүкендердің бірінде ең арзан қаламсаптың бағасы – 20 теңге, күнделіктікі – 325, ал дәптердің құны 15 теңгеден басталады. Қалтаның қалыңдығына байланысты 3 мың мен 30 мың теңгенің аралығында сөмке де сатып алуға болады.
Мәселен, Максума Манатованың тұңғыш немересі Әминә биыл 3-ші сыныпқа барады. Атасы мен әжесі көз қуаныштарына жаңа портфель сатып алып жатыр. Қызғылт сөмкенің құны – 13 мың теңге.

Максума Манатова – қала тұрғыны:


– Бұл атасы екеуіміздің сыйлығымыз. Өзгесін ата-анасы алып береді. Сөмке немереме ұнады, өзі таңдап алды. Бағасы қолжетімді, сапасы да сын көтерерлік.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мектепке қажетті тауарларды асығыстық танытпай, іздеп, бағасы мен сапасын салыстырып жүріп таңдаған маңызды. Сонда ұтылмайсыз.

Саят Ермек