Көлік және жолдар

Жылу құбыры ауыстырылғаннан кейін жол қайта қалыпқа келтірілмеген

Саят Ермек – тілші:


– Баяғы жартас – сол жартас! Қаланың қақ ортасындағы Ы.Алтынсарин көшесіне біздің арнаның түсірілім тобы осымен үшінші рет келіп отыр. Былтырғы жазда көшенің астымен өтетін жылу құбырларын жөндеген “Петропавл жылу желілері” жолды қайтадан қалпына келтіріп, тақтайдай тегіс асфальт төсеп қоюы керек болатын. Осыдан 4 ай бұрын соңғы материал жарықа шыққанда компания өкілдері 40 млн. теңгенің бөлініп, 1-маусымға дейін жолдың жаңартылатынын айтқан болатын, уәде берген болатын. Алайда, қазір тамыздың ортасы, ал көшенің жағдайы сол қалпы.

Көктем келіп, қар ерігенде, күз келіп, жауын-шашын түскенде бұл көше тұрғындарының көретіні осы. Қазір, әйтеуір, жаз, жер құрғақ. Сондықтан, жолмен еш кедергісіз жүруге болады. Бірақ, бұл уақытша ғана. Күз келісімен маңай аяқ бастырмайтын шалшыққа айналады. Мәселені жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі аппараттық отырыстардың бірінде көтерді. Өңір жетекшісі монополист компанияның басшысын орнынан тұрғызып қойып, жөндеу жүргізілген учаскілерді абаттандырып, қалыпқа келтіруді тапсырған болатын.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Биыл тиісті шараларды уақытылы жасау керек. Өткен жылғыдай жағдай болмасын. Қарап отырсақ, жаңа ғана төселген асфальттың астында міндетті түрде құбыр алмастырасыздар. Ол жұмыстарды ертерек сұрап біліп, жоспарлауға болмай ма?! Тағы сіздер жөндеу жұмыстарынан соң аббаттандыру шараларын жүргізбейсіздер. Алдағы уақытта осындай жағдай қайталанса айыппұл салынатын болады.

Алайда, “Петропавл жылу желілері” әлі күнге дейін жауапсыздық танытып келеді. Жаңбыр жауса болды, миы шығатын көшеге тұрғындардың еттері үйреніп қалған да сыңайлы. Десе де, азаматтар үміттерін үзбек емес.

Тамара Богданова – қала тұрғыны:


– Жөндеу жұмыстары біткелі қай заман. Кооператив төрағасы жолды маусымға дейін жөндейді деген, алайда, еш өзгеріс жоқ. Күте-күте қажыдық. Ауа райы бұзылса дүкенге барудың өзі қиын, батпақтың бәрі подъезге кіреді.

Наталья Орлова – қала тұрғыны:


– Бесікарбамен қатынау қиын. Бір рет келе жатып, аяқ-киімімнен айырылып қалдым. Қандай да бір шара қолдану керек?! Бұлай болмайды.

Бұл көшенің бойында есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернат пен “Айгөлек” балабақшасы орналасқан. Интернатқа апарар жолға қиыршық тас төселген, оның жағдайы сәл болса да жақсы. Ал, көшенің бөбекжайға кіреберіс бөлігі ылғи лай мен батпақ. Әсіресе, жаңбырлы күндерде ата-анаға баласын әкеліп-әкету оңай емес.

Ербатыр Қожахметов – қала тұрғыны:


– Көшенің жағдайы нашар. Кішкене жаңбыр жауса, көлікпен өте алмайсың. Баланы балабақшаға жеткізгенше аяқ-киімің саз болады. Жақында күз басталады, не боларын ойлағымыз да келмейді.

Сәуірдің соңында арна тілшілерімен тілдескен компания өкілі жолды қайта қалыпқа келтіруге қаржының бөлінгенін айтқан болатын. Бірақ, жағдай бүгінге дейін түзелмеді. Бұның себебін түсіндіруді сұрап, “Петропавл жылу желілеріне” хат жолдаған едік. Жауап беруден серіктестік бас тартты. Қалалық әкімдікпен жасалған келісім шарттағы міндеттерінен жалтарып отырған монополистің бұл қылығы қатардағы петропавлдықтарға ыңғайсыздық тудырып отыр.

Дулат Шәріпов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


– Компания кепілдік уақытын 30-маусымға дейін ұзартқан болатын. Бірақ, ауа-райының салдарынан жұмыстарды уақытылы атқармады. Қала әкімінің кеңесшісімен бірге директормен кездестік. Ол бірер күнде жауабын беретінін айтты.

Бұған дейін Жылу желілері кәсіпорны жолды жөндеуге берілген кепілдеме уақытын 3 рет кейінге шегерген екен. Ақыры монополист компания міндетін орындамаса әкімдік өкілдері сотқа жүгінуге мәжбүр болады.

Саят Ермек