Құрылыс

№9 орта мектебі энерготиімді жоба аясында жөнделуде

Білім ошағының терезелері 88-ші жылдан бері жаңартылмапты. Әбден ескіргендіктен қыс мезгілінде іштегі жылуды ұстамайды. Сәйкесінше, көмірді әдеткі нормадан артығымен жұмсауға тура келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке айтарлықтай салмақ салады екен. Ал, “Қазақстанда энерготиімділікті арттыру” жобасының арқасында мұндай шығындарды азайтуға болады. 9-шы орта мектепте осы жобаның аясында маусымның 16-сынан бастап жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 қабатты ғимараттың 2-уінде жаңа терезелер орнатылыпты. Сондай-ақ, жарықтандыру желілері энерготиімді баламаларына алмастырылған.


Данияр Айтанбетов – “Мего ЛТД” Компания” ЖШС өкілі:


– Терезелерді ауыстырып жатырмыз. Олардың бетінде арнайы пленка бар. Ол жылуды өткізбейді.

Білім ошағының жанында 150 балаға шақталған мектеп-балабақша бар. Мұнда да энерготиімділікті арттыру бойынша мамыр айынан бері жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, диодты жарық шамдары және жылуды реттейтін ақылды құрылғылар орнатылыпты. Осылайша, бөлмедегі ауа температурасын бір қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда балабақшадағы бар шаруаның 95 пайызы тындырылған.

Сәуле Булатбекова – №9 орта мектебінің директоры:


– Осыдан 2 жыл бұрын қалалық әкімдік бізден энергияның шығындалуы жайлы есеп сұратқан болатын. Ал, биыл мектебіміз “Қазақстандағы энерготиімділікті арттыру” жобасына енген 25 әлеуметтік және мемлекеттік нысанның тізіміне енді деген хабарлама келді. Біз бұған өте қуанып қалдық. Себебі, жөндеу жұмыстары білім ошағымыздың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, мектепте жаңғырту жұмыстары 7 бағыт бойынша жүргізілуде.

Аталған жобаны Астанадағы Электроэнергетика мен энергосақтандыруды дамыту институтының мамандары ойлап тапқан. 25 нысанды жөндеу жұмыстарына Дүниежүзілік банк 92 млн теңгеден астам сома көлемінде грант бөлген. Барлық шаруа аяқталған соң нысандардағы энергияның шығыны бақыланатын болады.
Бұдан бөлек, қазір қаладағы 6 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Нұрлан Тұяқбаев – Петропавл қалалық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы:

– Бұл мақсатта 128 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның 34 млн-ы – облыстық, ал 94 млн-ы қалалық бюджеттен тартылған. Ал, 8 нысандағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 15 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Жалпы, 9-мектептегі жөндеу жұмыстары тамыздың 20-сына дейін аяқталмақ. Ол үшін мұнда 4 бірдей серіктестіктің мамандары еңбектенуде.


Молдир Макишева