Спорт

“Қызылжар СҚ” командасы алматылық “Қайрат”-тан жеңіліп қалды

Бірер сәттен соң жасыл алаңға жергілікті “Қызылжар СҚ” және алматылық “Қайрат” құрамалары шықпақ. Бүгінгі тартысты ойынды көруге келген жанкүйерлердің қарасы қалың. Жерлестеріміз қызылжарлық командаға қолдау көрсетіп, біздікілердің жеңіске жететінін болжауда.


– Алғашқы тайм 1-0, ал екіншісі 3:0 болып, “Қызыл-Жар СҚ” жеңіске жетеді деп ойлаймын.


– Мен кем дегенде ойын 1-0-мен аяқталып, біздікілердің ұтатынына сенемін.

Төрешінің ысқырығы шалынып, қос команданың кездесуі басталып кетті. Ойынның 1-ші минутынан-ақ екі жақты шабуылдар жиіледі. Бірақ, қызылжарлық аяқ доп шеберлері қанша тырысып баққанымен қарсыластың қақпасын ала алмады. Дегенмен, “Қайрат”-тың шабуылшысы Эсеола Адеринсола 15-ші минутта жерлестерімізден айласын асырып, гол соқты. Аздаған уақыттан соң, теріскейлік команданың ойыншысы Момоду Сисей пенальтиді соғуға мүмкіндік алды. Ал, пенальтиді орындау барысында Шота Григалашвили алматылықтардың қақпасына доп дарытып, есепті 1-1-ге теңестірді.

Сонымен, алғашқы таймның соңына дейін таблодағы сандар өзгеріссіз қалды. Сөйтіп, көп ұзамай екінші 45 минуттық та бастау алды. Екі арадағы шабуылдар арта түсті. Алайда, алматылық футболшы Эппиль Мартон басымдықты еселей түсіп, есепті 1:2-ге жеткізді. Екінші таймда “Қызыл-жар СҚ” құрамасының талпынысы еш нәтиже бермеді. Сонымен, қосымша уақыт беріліп, 94-ші минутта алматылық Исаэль да Сильва солтүстікқазақстандықтардың қақпасына соңғы допты дарытты. Осылайша, 1:3 есебімен «Қайрат» командасы жеңіске жетті.

Андрей Аршавин – “Қайрат” ФК жартылай қорғаушысы:


– Ойын оңайға түскен жоқ. Кездесу барысында “Қызыл-Жар СҚ” құрамасының ойыншылары барларын салды. Ойын барысында біз де бір-екі қателікке бой алдырып, қақпамызға доп жіберіп алдық. Дегенмен, екінші таймда шабуылға баса назар аударып, есепті 1-3-мен аяқтап, жеңісті қанжығамызға байладық.

Бұл кездесуге дейін «Қызылжар СҚ» командасы 21 ұпаймен турнир кестесінің 9-ші сатысында тұрған еді. Осы жеңілістен кейін өңір намысын қорғаған аяқ доп шеберлері 10-шы орынға түсті. Енді тамыздың 26-сында жергілікті футболшылар сырт алаңда елордалық “Астана”-мен жүздеспек.

Тогжан Акмагамбетова