Балалар

“Аққайың” сауықтыру лагерінде спорттық сайыс өтті

Спорттық шаралар, қызықты ойындар мен кешкі би. Биыл «Аққайың» жазғы сауықтыру лагерінің бағдарламасы жеткіншектерге мейлінше қызықты етіп түзілген көрінеді. Балалар сергіту уақытында далаға шығып, бойларын жазады.


Лидия Грабарь – «Жастар СӨС үшін» ЖҚБ төрайымы:


– Мұнда спорт күніне орайластырылған бірқатар шара тамыздың басынан бері өтуде. Осындай қызықты квесттер мен эстафеталар облысымыздың бірнеше сауықтыру лагерінде ұйымдастырылды.

Жеткіншектер жаздың жаңбырлы және салқын күндеріне қарамастан асыр салып ойнап жүр. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 8 топқа бөлініп, жарыс жолына шықты. Бірінші кезекте, қатысушылар жылдамдыққа жүгіріп, сайысты. Келесіде, балақайлар доппен секірді. Бүгін өз бағын сынап жатқандардың қатарында Кирилл Расшепкин де бар.

Кирилл Расшепкин:

– Мен бұл лагерьде 3-ші рет демалып жатырмын. Мұнда қызықты шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Менің командам бүгінгі жарыста 3-ші орыннан көрінді. Этафета өте қызықты өтті.

Ал, 1-ші жасақтағы жеткіншектер лагерьдің тәлімгерлерімен ақтық сында тартысқа түсті. Нәтижесінде, ептілік танытқан тәрбиешілердің командасы алға шығып, жеңіске жетті. Жеңіліп қалған жеткіншектер мұңайған жоқ. Олардың сөзінше, бастысы – жүлдеге ие болу емес, жарысқа қатысу.

Мөлдір Аманбек:

– Маған бүгінгі эстафета ұнады. Осы тектес жарыстар балалардың достығын нығайтуға септеседі. Сондай-ақ, жақсы көңіл-күй сыйлады. Тәлімгерлермен сынға түскен кезде, әрине, қиын болды. Себебі, лагерьдегі тәлімгерлердің көбі спортпен ұдайы шұғылданады. Дегенмен, біз олармен бір деңгейде ойнадық.

Жарыс соңында барлық қатысушы командаларға дипломдар мен спорттық жабдықтар табыс етілді.

Альмира Жетписбай