Қоғам

Мемлекеттік қызмет түрлері жарымжандар үшін қолжетімдірек бола түсті

Пандус, көру қабілеті төмен жандарға арналған сары түсті жолақтар мен рельефті нүктелермен берілген ақпарат. Жарымжандар үшін олардың әрқайсысы өте маңызды. Сондықтан, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің облыстық департаменті мынадай кітапшалар басып шығарған.


Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:


– Мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерінің бірі – теңдік принципі. Яғни, қызмет түрлері ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік тобы және басқа да факторларға қарамастан барлығына бірдей қолжетімді болуы тиіс. Біздің департаментіміз жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып арнайы кітапшаларды басып шығару ісін жолға қойды.

Әзірге, кітапшалардың тек 30 ғана данасы бар. Мұнда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясында ұсынылатын қызмет түрлері туралы толыққанды ақпарат көрсетілген. Ал, егер мамандар оларды тиісті деңгейде көрсете алмаса, брошюрадағы нөмірге хабарласуға болады. Алдағы уақытта кітапшалардың барлығы облысымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшелеріне тапсырылмақ.

Ольга Юрьева – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ басқармасының басшысы:


– Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету сапасын жылдан жылға жақсартып келеді. Қазір бізде шақыру тетігі мен арнайы терезе жұмыс істейді. Осылайша жарымжандар аз ғана уақыт ішінде мамандардың көмегіне жүгіне отырып, барлық істерін тындыра алады. Ал, есту қабілеті төмен адамдар үшін сурдо онлайн сайты бар. Яғни, біз интернет арқылы бірден сурдоаудармашымен байланысқа шығамыз.

Бұдан бөлек, барлық топтағы мүгедектер мен ардагерлер 14-14 нөміріне хабарласып, халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгіне алады. 72 сағат ішінде мамандар тұрғындардың үйлеріне барып, тиісті құжаттарды рәсімдеуге өтінім білдіруге жәрдемдеседі. Жыл басынан мұндай мүмкіндікті 1200-ге жуық жерлесіміз пайдаланған.

 

Эльмира Садвокасова