Қоғам

Итальяндық фотосуретші Альберто ди Мауро шеберлік сағатын өткізді

Альберто ди Мауро – “National Geographic” журналының кәсіби фотосуретшісі. Қылаң еткенді қағып алып, көрермен және оқырманға жеткізетін өз ісінің маманы бұл салада жүргеніне 50 жылдан астам уақыт болған екен. Шығармашыл тұлға жұмыстарын Эн Нико деген лақап атпен жариялайды. Шеберлік сағатында Альберто жиналғандарды өзінің туындыларымен үлкен экранда таныстырып, әрбіріне жіті тоқталып кетті.


Альберто ди Мауро – “National Geographic” журналының фотосуретшісі:

– Мен Солтүстік Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бүгін жергілікті фотосуретшілерге арнап шеберлік сағаттын өткізіп жатырмын. Оның барысында мен туындыларымды қалай түсіргенімді және өзімнің түсіру стиліме тоқталып өттім. Шеберлік сағатының басты мақсаты – өзге фотосуретшілермен тәжірибе алмасып, өз білгеніммен бөлісу.

Шеберлік сабағына Петропавл қаласының кәсіби фотосуретшілері, жаңадан бастағандар және әуесқой фотосуретшілер жиылды. Солардың бірі – Андрей Красников. Оның бұл істі хоббиіне айналдырғанына 12 жыл толған. Мамандығы биолог болғандықтан көбіне азамат табиғат көріністеріне ерекше көңіл бөледі екен.

Андрей Красников – әуесқой фотосуретші:

– Біздің табиғатымыздың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сондықтан мен өлкеміздің ерекше жерлерін суретке түсіргенді ұнатамын. Кей кездері өзімнің кішігірім көрмемді ұйымдастырып, жерлестерімізге жұмыстарымдыы ұсынамын. Әрине, әуесқой болғандықтан, барлық тиісті заңдылықтарды біле бермеймін. Сол себепті, бүгін итальяндық фотосуретшінің шеберлік сағатына келіп отырмын.

Сондай-ақ, бұл күні мұндай мүмкіндікті видеооператорлар да жіберіп алмады.

Михаил Казначеев – МТРА аға видеооператоры :

– Видео мен фото өзара тығыз байланысты. Сондықтан, бүгінгі шеберлік сағатына келуді жөн көрдім. Әсіресе, шетелдік әріптестеріміздің жұмысымен танысу өте қызықты. Бүгін өзіме қажетті мол ақпарат алдым.

Шеберлік сағатының соңында фотосуретшілер диалог алаңын құрып, Альберто ди Мауроға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Мөлдір Шаяхмет