Құрылыс

75 солтүстікқазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады

“Қызылжар” тұрғын үй кешенінің ауласы ығы-жығы. Қоныс тойын тойлаушылар мәз-мейрам. Олардың қуанышына шаһар өнерпаздары да ортақтасуда. Бишілер мың бұралса, күміс көмейлері ән-жырдан шашу шашты.

Қоныстанушылардың көңілдері шад-шадыман. Жерлестеріміз күздің қара суғы түскенше, пәтерлерінің ішінде әрлеу жұмыстарын жүргізіп, кіріп алмақшы. Кілтті тапсыру салтанатына келгендер зәулім ғимаратты суретке түсіріп, ұзақ қызықтауда.

Александра Авдеев – «Казградстрой-НС» ЖШС бас директоры:


– “Қызылжар” тұрғын үй кешеніндегі үшінші үйден «Наш город» тұрғын үй құрылыс кооперативінің және “Казградстрой” компаниясының үлескерлері пәтер алды. Баспананың шаршы метрінің орташа бағасы 160 мың теңгені құрайды. Бұл тұрғындар үшін қолжетімді. Үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 95-тен 125 шаршы метрге дейін. 2 бөлмелісі – 72 шаршы метр. 1 бөлмелісінің көлемі 51 шаршы метрді құрайды. Осы ретте айта кетейін, тұрғындарға жағымды жаңалығым бар. Алдағы уақытта Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің әріптесі атанамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуына және мейлінше көп отбасыны баспанамен қамтуға ат салысамыз.

Осы күні “Казградстрой” компаниясының басшылығы су жаңа үйдің таспасын қиып,
75 отбасыға пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Баспана 16 қабаттан тұрады. Жоғары пәтерлердегі терезелерден қарағанда шаһар алақандағыдай көрінеді. Биыл Гүлтай Жүнісованың отбасы бизнес-класстағы баспанаға қол жеткізіп отыр.
Жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелік үй жерлесіміз үшін қымбатқа түскен жоқ. Бағасы – 9 млн теңге. Зейнеткер пәтердің жобасын бала-шағасымен жоспарлапты. Яғни, асхана, бөлмелер мен дәретханалардың аумағын
құрылысшылармен келісе отырып өздері қалағандай етіп жасап алған екен.

Гүлтай Жүнісова – “Қызылжар” тұрғын үй кешенінің тұрғыны:


– Екі бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Жуық арада ішкі әрлеу жұмыстарына кірісіп, пәтердің ішін өз қалауымызша безендіріп аламыз. Жарық әрі жайлы баспанада балаларыммен, немерелеріммен бірге тұратын боламыз. Оларға да осы үй қатты ұнады. Маңында балалар алаңқайы бар. Өте жақсы салыныпты.

Құрылысшылар күні мерекесі қарсаңында жерлесіміз Руслан Черток та “Қызылжар” кешенінің тұрғыны атанды. Ол аталған кешеннің үшінші баспанасынан 3 бөлмелі пәтер сатып алыпты. Отбасымен Жаңа жылды кең әрі жарық баспанасында қарсы алуды жоспарлауда.

Руслан Черток – қала тұрғыны:


– “Қызылжар” кешенін Петропавлдағы ең әдемі тұрғын үйлердің бірі деп санаймын. Осы үйден 3 бөлмелі пәтер сатып алғаныма қуаныштымын. Оның жобасын дизайнерлермен келісіп жасадық. Баспананың ішінде екі дәретхана бар. Осы үйді тұрғызған құрылысшылармен жақсы араласамын. Мамандардың баспананы сапалы тұрғызғанына ешқандай шүбәм жоқ.

Осы жерде тұрғындар аспаздардың ыстық палауынан дәм татты. Ал, аниматорлар болса, жеткіншектердің көңілін аулады.


– Маған мұнда барлығы қызықты. Достарыммен жақсы көңіл көтеріп жатырмыз. Аниматорлар да жақсы ойындар өткізуде.

– Маған ойын алаңы ұнады. Әдемі әткеншектер бар.

Қыркүйек айының соңында осы маңда тағы да кезекті рет қоныс тойы тойланбақ. Күзде “Казградстрой” компаниясы “Қызылжар” тұрғын үй кешеніндегі 4-ші үйді қолданысқа тапсырмақшы.

Берік Қасен