Қоғам

Петропавлдағы тұрғын үйлердің басым бөлігі жылыту маусымына дайын емес

Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымын қыркүйектің бел ортасында бастау жоспарланып отыр. Қазір Петропавлда 1071 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Бүгінде олардың тек 400-ден астамы қысқа сақадай сай отыр.


Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:


– Әр көпқабатты тұрғын үйдегі кооператив жылу құбырларын шайып, ондағы қысымды қалыпқа келтіріп, сыртын қаптауы тиіс. Өйтпесе жылу батареяларынің іші бітеліп қалады. Бұл шаруаның талапқа сай тындырылуын арнайы бақылаушы тексереді. Бәрі дұрыс болса, “Петропавл жылу желілерінен” үйдің қысқа әзір екендігін дәлелдейтін паспорт беріледі. Сонда, жылу үйге уақытылы беріледі.

Қауырт маусымға ертерек қамданған баспаналардың бірі – Кәрім Сүтішев көшесіндегі 15 үй. Оған қызмет көрсететін “Лада” кооперативінің төрайымы Людмила Ушакова жылыту маусымына әзірлік паспортын шілденің соңында алып қойған. Жыл сайын бұл тұрғын үй дайындықты мерзімінен бұрын тәмамдайды.

Людмила Ушакова – “Лада” ПИК төрайымы, К.Сүтішев көшесі, 15 үй:


– Слесарь екеуіміз бір аптаның ішінде 9 қабатты үйдегі құбырлардың барлығын шайып, қысымын тексеріп қоямыз. Бұл еш қиындық тудырмайды. Тұрғындар да пәтердегі жылу батареяларын тазартып отырады. Сондықтан, бізге жылу жыл сайын уақытылы беріліп отырады.

Құбырлар қапталған, қажетті шаруаның бәрі тындырылған. Бұл – басқаларға үлгі боларлық баспана. Алайда, жылдап қысқа дайындық паспорттарын алмаған, бұл шаруаны сылбыр жүргізетін, не тіпті жүргізбейтін баспаналар қалада аз емес.

Саят Ермек – тілші:


– Дәл қазір біз интернационал көшесіндегі 19-шы үйдің ауласындамыз. 2008 жылдан бері бұл 4 қабатты үйдің құбырлары шайылмаған, қысым тексерілмеген. Яғни, қауырт маусымда бұл үй тұрғындарының пәтерлері салқын болады деген сөз. Жалпы алсақ, баспананы қысқа дайындау өзгеге емес, тұрғындардың өздеріне қажет.

Кейін, азаматтар пәтерім салқын деп энергия тарататын ұйымға не әкімдікке шағымданады. Алайда, бар кінә өздерінде. Қазірдің өзінде, құбырларын қысқы уақытқа әзірлемейтін баспаналардың көбінде ыстық су жоқ. Оны “Петропавл жылу желілері” өшіріп тастаған. Компания өкілдері осылайша, жауапсыздарды жазаламақ ниетте. Олардың бұған заңды құқықтары бар. Бір ғана мысал, егер жылу құбырлары шайылып, ондағы қысым қалыпқа келтірілмесе, жылу желілері жіберетін энергияның 24 пайызы далаға кетеді екен. Бұл, сәйкесінше, желге ұшқан көмір мен қазынадағы қаражат. Мұндай баспаналарда тұратын азаматтардың пәтерлері де сарышұнақ аяздарда салқын болады.

 

Саят Ермек