Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 116 пәтерлі үй халық игілігіне тапсырылды

Береке ықшам ауданында халық игілігіне тапсырылатын кезекті үй осы. Оны елордалық Албат-құрылыс серіктестігі тұрғызыпты. Аталған компания мамандары істі өткен жылдың күзінде бастаған. Күндіз-түні бел жазбай еңбек етудің арқасында, құрылысшылар көппәтерлі баспананы көпке созбай жерлестерімізге бергелі тұр.

 


Жанат Задин – “Албат-құрылыс” ЖШС директоры:


– Үйдің ішінде 116 пәтер бар. Нысанды Қазақстанда жасалған материалдан салдық. Құрылыс жұмыстарына 200 шақты адам қатысты.

Көп ұзамай үй маңына жиылған халықтың қарасы артты. Олардың арасында пәтер кілтін алуды тағатсыздана күткендер де бар. Алдымен бұл қоныс иелерін бүгінгі қуаныштарымен, облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бұл пәтерлер жетім, мүгедек, көп балалы тағы да басқа жандарға беріліп отыр. Үй кілтіне ие болуларыңыз үлкен қуаныш. Әр шаңыраққа жақсылық, амандық тілеймін.

Кейін өңір жетекшісі бірқатар баспана иелеріне пәтер кілтерін табыс етті.

Айта кетейік, бұл нысан “Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” АҚ тапсырысы бойынша “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылған. Оны салуға республикалық бюджеттен 850 млн. бөлініпті. Ғимараттағы пәтерлер тұрғындарға ешқайдан пайысыз және алқашқы жарнасыз, сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі. Жалдау құны 1 шаршы метр үшін – 772,7 теңгені құрайды.

Арман Мұхатов – “Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” ИҰ” АҚ басқарушы директоры:


– Елімізде “Нұрлы жер” мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы басталғалы бері біздің компания 17 120 пәтерді халық игілігіне берді. Оның 400-ден астамына солтүстікқазақстандықтар ие болды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жыл соңына дейін Петропалда тағы 96 пәтерлі ғимаратты тапсырамыз. Бұл баспаналарды адамдар жалдап тұрады. Белгіленген мерзім өткеннен кейін үй тұрғындардың меншігіне өтеді. Немесе сол уақытқа дейін жеткізбей сатып алуларына да мүмкіндік бар.

Пәтер кілтін алған тұрғындар ішкі енді. Олар қазір шәй қойып, қонысқа құтты болсын айта келген қонақтарды қарсы алуға дайындалып жатыр. Солардың бірі Зиксто зауытында қызмет ететін – Айнагүл Мүсәйіпова. Нәзік жандының шаңырағына алғашқы мейман болып Құмар Ақсақалов кірді. Өңір жетекшісі жерлесімізді құттықтап, жұмыс орнындағы жаңалықтарды да тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Зиксто аумағында жаңа зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Бұл заманауи өндіріс ошағы болады. Кәсіпорынға құйылатын инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрамақ. Осының арқасында 500 жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған жобаны жақын арада іске асыратын боламыз.

Тағы, өңір жетекшісі 9 жыл бойы толық емес отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған Елена Бернгардтың да баспанасына бас сұқты. Азаматша бүгін өзінің көптен күткен үйіне кірді. Бұған өте қуанышты. Осы жерде Құмар Ақсақалов көпқабатты тұрғынжай салынған Береке ықшам ауданы келер жылы көркейе түсетіндігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мына жердегі ғимараттар қаңырап бос тұр. Соларды жөндеп, кәсіпорын ашу үшін инвесторлар іздеп жатырмыз. Қалталы азаматтардың бірқатарымен келісімге де келдік. Болашақта жолдарды кеңейтеміз. Абаттандыру жұмыстарына қарқын қосылады. Осылайша ауданның көркін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Ал мына – үйде Зейнеш Қыдбекованың кіші баласы өз отбасымен тұрмақ. Бұған дейін жанұя талай жыл пәтер жалдап өмір сүріпті. Енді міне олар жеке баспанасына қол жеткізді.

Зейнеш Қыдбекова:


– Балам 18 бойы пәтер жалдап тұрды. Міне, енді өзінің үй бар. Қуаныштымын.

Айта кетейік, Нұрлы жер бағдарламасы арқылы бұндай баспаналарды халықтың әлеуметтік әлжуаз санатына жататын жандар мен бюджеттік сала мамандары ала алады.

Байболат Бектемірұлы