Құқық қорғау органдары

Өңірімізде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

Ташкентка ауылының мына тұрғыны облыс орталығынан шыға берісте орналасқан бақылау-өткізу пунктінде тоқтатылды. Медициналық куәландыру нәтижесі көрсеткендей, ол көлікті есірткі пайдаланып басқарған.


-Үйімнен жұмысқа кетіп бара жатқанмын. Бекетте полиция қызметкерлері тоқтатты. Наркологиялық орталыққа барған соң менің жеңіл масаң күйде болғаным анықталды. Бұған дейін достарыммен наша шеккен едім.

Бұл үшін ер азамат үш жылға темір тұлпар тізгіндеу құқығынан айрылды. Ал, Прибрежное ауылының тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің бірден екі бабы бойынша жауапкершілікке тартылмақ. Себебі, жүргізуші полицейлердің қозғалысты тоқтат деген заңды талабын орындамай, олардан жасырынбақ болған. Кейін оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Сондай-ақ, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жаяу жүргіншілер мен велосипед тізгіндеген жандар баса назарға алынды.

Баян Байғаскина – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

– Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – бұл жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті жоғарылату.Сонымен қатар, жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында балалар арасында жаяу жүргіншілермен, велосипед жүргізушілерімен көшені белгіленбеген жерден өту немесе бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту сияқты Жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын болдырмау сияқты алдын алу, түсіндірме жұмыстарына ерекше назар аударылуда.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында облыс пен қала жолдарында барлығы 120 құқық бұзушылық анықталды. Оның 35-інде жүргізушілер масаң күйде болса, 59 тұлға көлікті куәліксіз жүрген.

Дана Ешкенова