МТРА жаңалықтары

Облыстық аумақтық инспекция 7 ай ішіндегі жұмысын қорытындылады

Жыл басынан облыстық аумақтық инспекция тұрғындарға 39900 рет мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде өнімді экспорттауға рұқсат беретін 33 мың 500 фитосанитарлық және 6400 карантиндік құжат берілген. Бұл қызметтердің 35 мыңы электронды түрде жүзеге асқан.


Ағзам Тастеміров – ҚР АШМ АӨК МИК СҚО аумақтық инспекция басшысы:

– Биыл өткен жылға қарағанда 13800-ге артық қызмет көрсетілді. Бұл -облысымыздағы тауарлардың басқа мемлекеттерге экспортының өсуіне байланысты. Мәселен, осы жылы бізге жұмыс сапарымен Қытай, Араб Әмірліктері мен Ресей елінен делегаттар келген болатын. Оларға біздің отандық өнімдеріміз ұсынылды.

Бүгінде жергілікті өнім Ресей, Иран, Ауғаныстан, Өзбекстан сияқты 33 мемлекетке экспортталады. Тауардың басым бөлігін дәнді, бұршақты және майлы дақылдар құрайды. Өнімнің барлығы міндетті түрде лабораториялық тексерістен өткізіледі. Елімізге импортталатындары да қатаң бақыланады. Мәселен, 2018 жылдың басынан Қазақстанға тауарды тиісті сертификатсыз әкелгендер кездескен. Заңсыз тасымалға тосқауыл қою үшін жасақталған мобильдік топтардың көмегімен 3700 көлік тексеріліп, 58 жағдайда өнім оны экспорттаған елге қайта жіберіліпті.

Ағзам Тастеміров – ҚР АШМ АӨК МИК СҚО аумақтық инспекция басшысы:

– Құжатсыз тауарларды елдеріне қайтарып, иелерін әкімшілік жазаға тарттық. Бұндай заңсыз тасымалмен айналысқандарға 2,3 млн көлеміндегі 49 айыппұл салынды. Алдағы уақытта Ресеймен шекарлас Бидайық, Қарақоға, Қызылжар және Жаңажол бекеттерінде фитосанитарлық бақылау орындары ашылады деп жоспарланған. Сөйтіп, барлық тауарлар бір жерде және тез арада тексерілетін болады. Бұл мобильдік топтарға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы.

Ал қала бойынша жыл басталғалы 17 заңбұзушылық фактісі орын алды. Нәтижесінде 456 950 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, 7 айдың ішінде арнайы лабораторияда 340 өнімге сараптама жасалған.

Серік Сәрсенбаев – ҚР АШМ АӨК МИК Петропавл қалалық инспекция басшысы:

– Тексерістің нәтижесінде Қостанай облысынан әкелінген сәбіз тұқымынан арамшырмауық табылды. Бұл тауардың барлығы Қостанайға қайта жіберілді. Сондай-ақ, маусым айында оңтүстіктен сатып алынған шабдалыдан сымыр жәндігі табылды. Оның 5 келісі отқа жағылды. Жалпы Петропавл қаласының аумақтық инспекциясы жыл басталғалы 6300 рет қызмет көрсеткен. Оның ішінде 918 карантиндік және 5382 фитосанитарлық сертификаттар берілді.

Айта кеткен жөн, биыл карантиндік және фитосанитарлық құжаттарды алу жүйесі жеңілдетілді. Енді өтінімді уақытты үнемдеп, электронды түрде жіберуге болады.

Молдир Макишева