Құқық қорғау органдары

Теріскейлік полицейлер пәтер алаяқтарымен күресуде

Петропавлда 10 шағын қонақ үй мен пәтерлерді жалға беретін 14 бюро жұмыс істейді. Өткен жылы осы қызмет түрімен айналысатын бірнеше кәсіпкер алаяқтардың қақпанына түскен. Яғни, олардан пәтерді жалға алып, кейін өзгеге қымбат бағамен қайта жалға ұсынатын пысықайлардың саны көбейіп кеткен. Тіпті өздерінің қара ниеттерін іске асыру үшін басқа қалалардан келетіндер де бар екен. Осы орайда теріскейлік полицейлер шаһар бизнесмендерімен кездесу ұйымдастырып, қонақтардан күмәнданса, бірден тәртіп сақшыларына хабарлауды сұрады.


Пётр Климов, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Бүгінгі жиынның басты мақсаты – облысымызда пәтер алаяқтығына жол бермеу. Осы орайда бюролар мен шағын қонақ үйлердің иелерімен қоян-қолтық жұмыс жасауымыз керек. Кездесу жақсы өтті деуге болады. Екі тарап өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жиын барысында баспананы жалға алып, шулап, көршілердің мазасын алатын меймандар мәселесі де сөз болды. Бүгіндері Петропавл бойынша 1700-ден астам пәтер, 120 жер үй мен жатақханалардағы 232 бөлме жалға беріледі. Оларды пана ететіндер көбіне көршілеріне күн көрсетпейді екен. Тағы мұнда көші-қон заңнамасы да көтерілді. Тәртіп сақшылары пәтер иелеріне шетелдік меймандар келген жағдайда, олар жайлы 3 күннің ішінде тиісті органдарға хабар беру қажеттігін еске салды.

 

Дана Ешкенова