Құрылыс

Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні

Бұрын мына алаң қараусыз бос жатқан еді. Күл-қоқысқа толып, ағаш өсіп кеткен жерді биыл өңір құрылысшыларының ассоциациясы өз қарамағына алып, аллея салып жатыр. Оның жоспарын Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері әзрлепті. Мұндағы жұмыстар әлі аяқталмаса да, қазірдің өзінде алаң адам танымастай өзгерген. Кеспетас төселіп, орындықтар пайда болды. Аллеяның құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Кейін салтанатты шара Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің ғимаратында жалғасты. Залға жиылған бұл жандарды аптап ыстық пен қақаған аязда құрылыс басынан табасың. Күн-түн демей еңбек етіп, өлкемізді гүлдендіруге үлес қосып жүрген сала мамандарын кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құқттақтады.


Мадияр Қожахмет- СҚО әкімінің орынбасары:


– Елбасы құрылыс саласы экономикамыздың дамушы күші екендігін баса айтқан болатын. Облысымызда осы салада жаңа техникалармен жабдықталып, құрылыс материалдарын өзімізде шығару қолға алынды.Бұл өңірімізде құрылыс саласының дамуының айғағы.

Зәулім ғимараттар мен жайлы баспаналар, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жолдар осы қүрылысшылардың еңбегі. Сондықтан олардың жұмысы елеусіз қалмады. Ең алдымен, Мадияр Қожахмет адал еңбегімен көзге түскендерін облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапаттады.
Қошеметке осы салада 44 жыл бойы еңбек етіп жүрген Құрал Досымбеков те ие болды. Бүгіндері мемлекеттік қызметке ауысқан ол құрылыс басында 20 жыл жүрген екен.

Құрал Досымбеков – Ақжар ауданының құрылыс бөлімінің басшысы:


– 3100 шаршы метр үй салып жатырмыз. Қазір ол 103 пайызға орындалды. Дене шынықтыру кешені салып жатырмыз. Ол 1200 шаршы метр. Оны ендігі жыл тапсырамыз. Одан бөлек 5 қабатты және 3 қабатты үйлердің құжаттары әзірленуде. 12 пәтерлі тағы бір баспананы осы айдың соңында тапсырамыз. Басқа құрылыс нысандарында жұмыстар жасалып жатыр.

Бұдан соң облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Ал «СК-Максимум» серіктестігінің прорабы – Михаил Ваганов «Құрметті құрылысшы» төсбелгісіне лайықты деп танылды.

Михаил Ваганов – «СК-Максимум» ЖШС прорабы:


– Ағамның жолын қуып, құрылысшы мамандығын таңдадым. Салаға кез-келген адам төзе алмайды. Мұнда математика, геометрия, химия, физика сынды дәл ғылымдарды жақсы білетін адамдар келуі тиіс. Құрылысшы шыдамдылығы мол, ұқыпты әрі жауапты адам болуы керек. Қаладағы көптеген ғимараттарды салуға ат салыстым. Сондықтан, өз жұмысымның жемісін көргенде қатты қуанамын. Бүгінгі марапат – сол ұзақ жылғы еңбегімнің дәлелі іспеттес.

Үстіміздегі жылдың 7 айында облысымызда 64 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы 230 мың шаршы метрлік баспананы иелеріне тапсыру жоспарланыпты.

Мағжан Ахмадина