Қоғам

Такси қызметінің жұмысына қала тұрғындарының көңілі толмай отыр

Бүгінде Петропавл қаласында 7 таксопарк бар. Дегенмен кей кезде жерлестеріміз қажетті көліктерін дер шақырта алмай, абдырап жатады.


– Орталықта тұратындардың тапсырысын такси тез арада қабылдайды. Ал қаланың шетіндегілерге өте сирек келеді.


– Таксиге жиі тапсырыс беремін. Бірақ соңғы уақытта көлікті ұзақ күтіп қалаған кездерім болды. Сондықтан, баратын жеріме бірнеше рет кешігіп қалдым.


– Кей кездері такси жүргізушілері мекен-жайымды таба алмайды. Сондықтан, ұзақ күтуге тура келеді. Ал кейбір жағдайларда тіпті, таппаған соң бұрылып кетіп қалады.

“Жолаушыларды тасымалдаушылар одағы” ҚБ төрағасы Наиль Абраевтың айтуынша соңғы уақытта клиенттерден түсетін тапсырыстар көбейген. Себебі, барлығы діттеген жерлеріне жылдам жеткілері келеді. Ал, оларға тез арада көлік тауып беру қиын.

Наиль Абраев – “Жолаушыларды тасымалдаушылар одағы” ҚБ төрағасы:

– Такси қызметінде жұмыс істейтін жүргізушілер көбіне жаз мезгілінде қосымша қаражат табу үшін уақытша басқа жұмысқа орналасады. Тіпті, өзге қалаға кететіндері де бар. Ал қыркүйек айында олар қайтып келеді. Сондай-ақ, қазір орталық көшелер жөндеуге жабылып жатыр. Бұл көліктердің кептелісін туығызады. Онымен қоса, такси жүргізушілері қызмет құнын арттыруды сұрайды. Себебі, олар машинаны жөндеу және қажетті саймандарды сатып алу қымбатқа түседі дейді.

Қазір кейбір көліктерге смартфондарға лайық­тал­ған арнайы бағдарламалар арқылы тапсырыс беруге болады. Олардың арасында Яндекс такси сервисі халық арасында жоғары сұранысқа ие. Бірақ, бұл қызмет түрінің де біршама кемшіліктері бар.

Сергей Чепиков – клиенттерге қызмет көрсету менеджері:

– Біздің сервисте 1000-ға жуық жүргізуші еркін жұмыс кестесі бойынша қызмет етеді. Сондықтан олар тапсырыстарды бос уақытта, яғни, өздеріне ыңғайлы кезде ғана қабылдайды. Бұл өз кезегінде тұрғындарға ыңғайсыздық туғызады. Жалпы Қазақстанда бұл қызмет түрі 2 жыл бұрын ашылса, Петропавлда өткен жылдың қазан айында іске қосылды. Күніне 400-ге жуық өтініш келіп түседі.

Ал таксиді бағдарламаның көмегімен де, телефон шалып та шақыра алмаған жағдайда тұрғындар көше жиегінде тұратын жүргізушілерге жүгінеді. Осындай көлік иелерінің бірі – Молдабай Ищанов. Оның жолаушы тасымалдаумен айналысып жүргеніне 40 жылдан асыпты. 4 жыл бұрын зейнетке шықса да, сүйікті ісіне күнделікті 3-4 сағатын бөледі. Тәжірибелі жүргізуші қаланың әр түкпірін бес саусағымдай білемін дейді.

Молдабай Ищанов:

– Клиенттер кез келген мекен-жайды айтса да, қалаған жеріне апарып тастаймын. Мен өтінім бойынша емес, бұрынғыдай жолдың жиегінде тұрып жұмыс істеймін.

Алайда таксиді жолдың жиегінен іздемей, телефон арқылы шақыру әлдеқайда ыңғайлырақ. Бірақ, диспечерлік орталықтар такси қызметінің жұмысын қалыпқа келтіру үшін бағаны өсірудің амалын іздеп жүр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қалтасын қағатыны анық.

Молдир Макишева