Қоғам

“Тарихы терең – киелі Қызылжар” экспедициясы қорытындыланды

10 күннің ішінде “Тарихы терең – Киелі Қызылжар” экспедициясы Солтүстік Қазақстанның 6 ауданын аралаған. Олар көненің көзі – ауыл ақсақалдарымен тілдесіп, жергілікті мұражайлардың бай қорымен танысыпты. Бүгін музей қызметкерлерінің облыстық қауымдастығы экспедицияның қорытындысын шығарды.


Еркін Шалкенов – облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары:


– Біз елді-мекендер мен аудандардың тарихын зерттеп қана қоймай, өзіміз аралаған мектепішілік және өзге де шағын музейлерге әдістемелік көмек көрсеттік, ұйымдастырушылық проблемаларды шешу бойынша кеңестер бердік. Алдағы уақытта да олармен қоян-қолтық жұмыс жасауға әзірміз.

Мәселен, М.Жұмабаев ауданында экспедиция өкілдері өлкедегі ең көне елді-мекендердің бірі – Беняш ауылына да бас сұғыпты. Бүгінде 60 шақты үй түтін түтетіп отырған ауылдың тарихы Батыр Баян, Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың атақты тұлғаларымен тікелей байланысты екен. Мұны ауыл қариялары ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгімелер барысында баяндапты.

Серік Жұмағұлов – М.Жұмабаев аудандық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы:


– Беняш ауылының ерекшелігі – мұндағы тұрғындар өз елді-мекенінің тарихын жақсы біледі. Экспедиция мүшелері олардан сұхбат алып, әңгімелерін тыңдады. Енді оларды тарихи мәліметтермен салыстырады.

Өлкетанушылар енді көрген-білгендерін тарихи құжаттармен салыстырады. Кейін ауқымды ғылыми мақалалар жазып, жинақ қып жарыққа шығармақшы. Сондай-ақ, ауылдағы ағайын сыйға тартқан жәдігерлерді экспедиция мүшелері “Музейге тарту” республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорына табыстады.

Саят Ермек