Балалар

Петропавлда “Арттерапия” тренингі тегін өткізіледі

Психолог Ғалия Баязитова арттерапия дамуында тежелісі бар адамдарға ғана керек деген пікірді теріске шығарады. Білікті маманың айтуынша, осыған ұқсас түзету шараларының ересектерге де тигізер пайдасы орасан. Бұндай процедуралар есте сақтау, қиял, зейін мен ойлау қабілеттерін дамытады. Пациенттердің эмоционалдық көңіл-күйіне оң әсерін береді. Сондай-ақ, тұйық адамның ашылуына септеседі.


Ғалия Баязитова – психолог, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы:


– Арттерапия аутизмге шалдыққан балаларға ғана емес, барлық жастағы сау адамдарға да қажет. 1,5 жастан кәрілікке дейін Арттерапияны жұмасына екі, үш рет өткізіп тұрған дұрыс. Баланың ішкі жан дүниесі және эмоционалдық фоны жақсы жаққа қарай өзгереді.

Ғалия Баязитова дамуы тежелген балаларға “Арттерапия” тренингін апта сайын тегін өткізіп тұрады. Оған 50 солтүстікқазақстандық жеткіншек қатысып жүр. Араларында Маргарита Нурахметованың ұлы мен қызы бар. Дәрігерлер олардың екеуінен де аутизм белгілерін анықтаған.

Маргарита Нурахметова – қала тұрғыны:


– Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін күн сайын жаттығамыз. Отағасының барлық табысын кішкентайларымның қабілеттерін дамытуға жұмсап жатырмын. Ай сайын дефектолог пен психологтың қызметіне 70 мың теңгеден жұмсаймыз. Осындай тренингтердің тегін өткізіліп жатқандығы қуантады. Ұйымдаструшыларға алғысым шексіз. Мұндай терапияның пайдасы зор. Балаларымның зейіні жақсарды. Сөздің мағынасын ұғатын болды. Ойларын анық жеткізеді.

“Арттерапия” жобасын үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі іске қосқан болатын. Аталмыш ұйым 5 жылдың ішінде барлығы 15 жобаны жүзеге асырыпты. Бірлестік директоры Ақжан Кәрім мұнымен тоқтап қалмақ емес. Талапты азамат мүмкіндігі шектеулерді жандарға көмек қолын созуды одан әрі жалғастырамын дейді.

Ақжан Кәрім – «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі» ЗТБ директоры:


– Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап қаржылық және компьютерлік сауатылық курстарын ұйымдастыруды жоспарлап жүрмін. Курсқа қатысушылар арнайы әзірленген бағдарлама бойынша сабақ алады. Біз дамуында ауытқушылығы бар балаларды, мүгедектерді үлкен өмірге қазірден бастап даярлауымыз қажет.

Ақжан Кәрім биыл балаларды иппотерапияға апармақшы. Қазір осы жөнінде Бескөлдегі ипподромның қожайынымен келіссөздер жүріп жатқан көрінеді.

Берік Қасен