Қоғам

Зағип және көзі нашар көретін жандардың арасында көркемсөз оқу байқауы өтті

Сахнаға бірінші болып Мамлют ауданынан келген Бәтима Төлепбергенова шықты. Ол байқауға Әділхан Сейдахметовтың “Мағжанға арнау” және Азамат Орынбасаровтың “Астана – Азияның ару қызы” атты өлеңдерін дайындап әкелген екен. Нәзік жанды 24 жыл бойы мұғалім болып жұмыс істеген. Қазір педагог құрметті демалыста жүр.


Бәтима Төлепбергенова – сайысқа қатысушы, Мамлют ауданы:

– Осындай шараларға мектеп қабырғасынан бастап қатысамын. Өлеңдерді жаттау қиынға соқпайды.

Ал Константин Волкодав болса бұл сайысқа бірінші рет қатысып отыр. Бүгін 15 жастағы жеткіншек Сәбит Мұқанов пен Мағжан Жұмабаевтың туындыларынан үзінді дайындап әкелген екен.

Константин Волкодав – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Әдебиетті жаным сүйеді. Өзім де өлең шығарғанды ұнатамын. Әсіресе, туған жер тақырыбына басымдық беремін. Бүгінгі байқауға таңдаған туындылар да осы тақырыпты қозғайды. Сайысқа 1 жұма көлемінде дайындалдым.

Облыстық байқау Астананың 20 жылдық және М.Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылып отыр. Осымен 5-ші рет өтіп жатқан сайысқа биыл 30-ға жуық үміткер қатысуға ниет білдірген.

Айнагүл Ташенова – “Қазақ соқырлар қоғамы” ҚБ СҚОФ төрайымы:

– Бүгінгі байқау 2 тілде өтіп жатыр. Үміткерлер берілген тақырыпқа байланысты 2-3 өлең дайындап әкелді. Оларды әділ қазылар алқасы бағалайтын болады. Өздерін үздік көрсеткен жеңімпаздар грамоталармен марапатталады. Одан бөлек сайыскерлерге 4 номинация қарастырылған. Жалпы біздің қоғамда 900 зағип жан бар.

1-ші, 2-ші орындарға қол жеткізген қатысушылар қазан айында Алматы қаласында өтетін Республикалық байқауға жолдама алады. Айта кеткен жөн, зағип жандардың арасындағы мұндай сайыс ел көлемінде алғаш рет өткізілмекші.

 

Молдир Макишева