Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО орақ науқаны тамыздың 20 басталады

Күн райы оң қабақ танытса, өңір аграрийлері ала жаздай маңдай терімен өсірген егіндерін тамыздың 20-нан бастап жинауға кіріспекші. Жерге ертерек дән сіңіргендері майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдастарын қазірден-ақ жинап жатыр. Биыл барлығы 4,2 млн. гектар алқаптағы астық орылады. Оның 1 млн. га майлы тұқымдастырға тиесілі. Үстіміздегі жылы жердегі ылғал мөлшері нормадан аз болғанына қарамастан, астықтың шығымдылығы жаман емес көрінеді.


Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:


– Қазіргі таңда дәнді және бұршақты дақылдар мерзіміне сай жетіліп келеді. Егістік алқаптарының 75 проценті жақсы жағдайда. Егіннің шығымдылығына қарағанда, биылғы өнім жақсы болады деген болжам бар. Жекелеген шаруашылықтар астықты құлатуды бастап кетті. Тайыншалықтар жасымықты, жамбылдық аграрийлер бұршақты бастырып жатыр. Өңірімізде жанар-жағармай тапшылығы жоқ. Техника 98 процентке дайын. Алқаптарға 7 600 комбайн шығарылады. 40 проценті – өніміділігі жоғары заманауи кешендер. Биыл машина-трактор паркі 850 техникамен толықты.

Қазіргі таңда астық қабылдайтын қосындар да күзгі өнімді қабылдауға дайын отыр. Аталған нысандардың жалпы сыйымдылығы 6,5 млн. тоннаны құрайды.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:


– Облыс аумағында 50 лицензияланған элеватор бар. Оларға 3,5 млн тонна бидай сияды. Бүгіндері нан сақтау қоймаларының 20 пайызында былтырдан қалған өнім сақтаулы. Осы ретте айта кетейін, өткен жылға қарағанда, биыл күзде өнімнің құны көтеріледі деген болжам бар. Қазірдің өзінде жекелеген астық трейдерлері 3-сыныптағы бидайдың тоннасына 40 мың теңгеден жоғары баға ұсынып отыр.

Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық диқандарға мемлекеттен 39 млрд теңге субсидия бөлінген. Қаржының басым бөлігі бірінші жартыжылдықта игеріліпті. Нақтырақ айтқанда, шаруалардың жерді тыңайту, өсімдіктерді дәрілеуге жұмсалған шығындар өтелген. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары әлі де жалғаспақ. Күзгі дала жұмыстарына деп өңірімізге 75 мың тонна арзандатылған дизелдік отын бөлініпті. Қайрат Омаров жанар-жағармайдың литрі 172 теңгеден аспайды деп отыр.

Берік Қасен