ТЖ

Құтқарушылардың рейдтік шаралары жалғасуда

Альмира Жетпісбай – тілші:


– Суға түсу маусымы басталғалы құтқарушылар 34 адамды өлім аузынан алып қалған. Олар арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылған екен. Қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында мамандар күн сайын рейд шараларын жүргізуде.

Жаздың соңғы айы болғанымен, қолайлы ауа райын қалалықтар тиімді пайдаланып қалғылары келеді. Сондықтан, бос уақыттарында шомылуға барады. Алайда теріскейліктердің басым бөлігі өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, белгіленбеген жерлерде суға түсіп жүр.

Гүлмира Тұяқ – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:


– Соңғы оқыс оқиға тамыздың 2-сі орын алды. Жедел-құтқару жасағына Айыртау ауданының Имантау көлінде 1963 жылы туған ер адамның жоғалғаны жайлы хабар түсті. Іздеу жұмыстары 7 тамызға дейін жалғасты. Зардап шегушінің мәйіті тамыздың жетісі жағадан 15 км қашықтықта табылды.

Мұндай оқыс оқиғаларды болдырмау үшін өңірдегі өзен-көлдердің жағажайларында күнделікті 56 құтқарушы 4 ауысыммен жұмыс істейді. Бірақ, белгіленбеген жерлерде шомылушылардан бөлек, суға мас күйінде түсетіндер де баршылық. Мамандардың айтуынша, жаз бойына тіркелген келеңсіз оқиғалардың дені осы себептен орын алған.

Темірхан Хисамутдинов – Петропавл қалалық ІІБ патрульдік полиция батальоның полицейі:


– Биыл масайған күйде суға түсетіндердің саны көбейіп кетті. Осыған байланысты, рейдтік шараларды ТЖД мамандарымен бірлесіп жүргізудеміз. Жағажайлар қоғамдық орын болып саналады, сондықтан, демалушылар спирттік өнімдерді ішіп, суда шомылса әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 340-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Рейдтік шаралардан басқа, полицейлер жағажайда тынығушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, демалушыларға жадынама қағаздарын таратады.

Альмира Жетпісбай