Өнеркәсіп

Петропавлда былғарыдан сөмкелер тігетін цех жұмысын бастады

Жомарт Құсайынов қолға алған. Солтүстікқазақстандық кәсіпкер мал терісінен планшеттер мен сөмкелер тігудің технологиясын меңгеру үшін Анкарадан арнайы мамандар шақыртқан.


Мәншүк Опанова жеңіл өнеркәсіп саласында 20 жыл тер төгіп жүр. Нәзік жанды негізінен былғарымен жұмыс істейді. Қазір осы материал түрінен офицерлік планшеттерді тігіп жатыр. Оның технологиясын тігінші түріктерден үйреніпті.

Мәншүк Опанова – “DML” ЖШС тігіншісі:


– Бұрындары мұндай офицерлік планшеттер Ресейде ғана жасалатын. Қазақстанда бірінші рет біз бастап жатырмыз. Өте күрделі жұмыс. Былғары қатты. Бүгіп тігу оңайға соқпайды.

60 шаршы метрлік аядай ғана цехта Мәншіүктен басқа оның 5 әріптесі жұмыс істейді. Олар жыл соңына дейін офицерлік планшеттердің 3750 данасын тігіп бітірмекші. Бұл Қорғаныс министрлігінің тапсырысы.
Осы жеке цехты ашып, аяғына тұрғызу үшін жерлесіміз Жомарт Құсайынов бес жылын жұмсаған. Мамандығы кәсіпкер емес, заңгер. Бірақ бұл осыған дейін жеңіл өнеркәсіптен хабары болмаған бизнесменге еш кедергі болмапты.

Жомарт Құсайынов – “DML” ЖШС директоры:


– Біздің өнім сапасы жағынан түрік, қытайлық баламаларынан кем болмауы тиіс. Мен өзіме осындай талап қойып отырмын. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны нығайтпақшымын. Ол үшін мемлекет өткізіп тұратын конкурстарға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алсам деймін. Сол қаражатты жаңа қондырғыларды сатып алуға жұмсаймын.

Жомарт Құсайынов өз тауарының бағасы шетелдікінен әлдеқайда арзан болады деп отыр. Мәселен, мұндағылар фурниту́раларды Ресей мен Италиядан алғанымен, былғары ОҚО-нан жеткізіледі екен. Сондай-ақ, бұл цехта иленген мал терісінен сөмкелер, рюкзактар мен қысқы курткалар тігілетін болады. Аталған өнім түрлеріне сұраныс артып жатса, кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашпақ ниетте.

Берік Қасен