МТРА жаңалықтары

Мемлекет қолдауына жүгініп, ісін дөңгелеткендер

Несие пайыздары шарықтап тұрған заманда кәсіпкерлерге банктен қарыз алу тиімсіз. Бірақ ісін дамыту үшін бизнесмендер бұл қадамға да барады. Осы ретте оларға «Даму» қоры көмекке келуге әзір. Олар іскер жандардың мойынына артылған жүкті жеңілдетіп, несиенің пайыздық үстемақысын субсидиялайды. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың алты айында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қор өкілдері кәсіпкерлерге 900 млн. теңгеге көмек көрсеткен. Қолдауға Петропавл жарма зауыты да ие болды. Олар өткен жылдың соңында 130 млн теңгенің несиесін алыпты. Бұл сомаға қондырғылар алып, ғимаратта жөндеу жұмыстарын жасаған. Бүгінде мұнда жарманың 6 түрі дайындалады.


Зауыт әлі толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Десе де, қазірдің өзінде қарақұмықтың тәулігіне 25 тоннасы өңделеді. Шикізатты мұндағылар жергілікті диқандардан алады екен. Келешекте өндіріс көлемін арттыру жоспарда бар.

Акиф Велиев – «Петропавл жарма зауыты» ЖШС директоры:


– Біздің «РахатОпт» деп аталатын компаниямыз 5 жылдан бері жарманы көтерме бағамен саудалап келді. Содан неге оны өзіміз өндірмеске деген ой туындады. Сөйтіп, арнайы зауыт ашу үшін мемлекет қолдауына жүгіндік. Әйтпеген жағдайда ісіміз алға баспас еді. Енді міне, ақырындап жұмыс істеп жатырмыз. Бүгіндері зауытта 14 адам еңбек етуде.

Тағы биыл 46 солтүстікқазақстандық кәсіпкер «Даму» қорының кепілдігін алған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге артық. Жалпы аталмыш қордың қолдау тетіктері үш бағдарлама аясында көрсетіледі.

Светлана Назарюк – СҚО бойынша «Даму»кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры:


– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша биыл – 30 жоба іске асырылды. Ал 2017 жылдың соңында жұмысын бастаған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында – 8 жобаға қолдау жасалды. Оның аясында бизнесмендер жылдық 6 пайыздық үстемеақымен несие ала алады. Көмекке ісін жаңа бастаған жандар да ие болады. Аталған екі бағдарламаға қатыса алмайтындар біздің «Даму Оптима» деген жобамызға жүгіне алады. Жыл басталғалы бұл бағыт бойынша 8 кәсіпкер арыз берді.

Қазір “Даму” қоры жергілікті әкімшілікпен бірлесіп тағы бір жобаны жүзеге асыруда.

Светлана Назарюк – СҚО бойынша «Даму»кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры:


– «МИО Қызылжар деп» аталатын жоба біздің өңірде ғана бар. Бағдарламаға қатысатын бизнесмендер жылдық үстемеақысы 8,5 пайыз болатын несиеге қол жеткізе алады. Оған облысымыз үшін аса қажетті істі қолға алатын кәсіпкерлердің қатысу мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта жергілікті билік өкілдері демеу қаржының көлемін арттыруды көздеп отыр.

Қаржылай қолдаудан бөлек, «Даму» қоры тегін консультациялық қызмет көрсетеді. Сөйтіп, жыл басталғалы 600 адамға бизнесті жүргізудің қыр-сыры бойынша түрлі кеңестер берілген.

Магжан Ахмадина