МТРА жаңалықтары

Экологиялық заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар үстіміздегі жылдың 8-ші маусымында енгізілді. Нақтырақ айтар болсақ, мұндай жаңашылдық экологиялық кодексте орын алды. Бұл жайлы өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Мемлекеттік сараптама” кәсіпорнының Солтүстік өңірлер бойынша филиалының директоры Талант Омарбеков айтып жатыр. Мейман теріскейге дейін еліміздің бірқатар облыстарында болыпты. Онда бизнесмендермен кездесіп, кәсіпкерлік қызметті реттеу және жетілдіру мәселелеріне қатысты соңғы жаңалықтарды түсіндірген.


Талант Омарбеков – «Мемлекеттік сараптама» РМК Солтүстік өңірі бойынша филиалының директоры:


– Бізде арнайы портал бар. Сол портал арқылы кәсіпкерлер 45 күн ішінде тек қана кешенді сараптама қорытындысын ғана емес, сонымен қатар, экологиялық қорытынды мен эмиссияға рұқсат ала алады.

Шараның ресми бөлімі бейне байланыс режиімде өтті. Онда жиналғандарға «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорны бас директорының орынбасары Қуандық Қажкенов кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың егжей-тегжейін түсіндіріп берді. Бұл жаңашылдық жергілікті іскен азаматтардың көңілінен шығыпты. Теріскейліктер ендігі кезекте жұмыс істеу әлде-қайда жеңілдетініне сенімді.

Иван Мовлик – “Баталов” ЖК экологиялық ұйым қызметкері:


– Бұрын құрылыс жұмыстарына арнап жасаған жобамызға мемлекеттік сараптама жүргізу үшін бір ай кететін. Кейін, экологиялық қорытынды мен эмиссияға рұқсат алуға да біршама уақыт жұмсайтын едік. Қазір бұл шаруаны тындырудың мерзімі біраз қысқарып, жеңілдеп қалды. Бұл бәріміз үшін қолайлы.

Айта кетейік, экологиялық кодекске әлі де өзгерістер енгізіледі. Алдағы уақытта порталда мемлекеттік сараптама жүргізудің, экологиялық қорытынды мен эмиссияға рұқсат берудің нақты мерзімдері көрсетілмек.

Байболат Култанов