Құқық қорғау органдары

Абайлаңыз, алаяқтар

Осыдан бір күн бұрын, арнадағы әріптесім, бейнеоператор Михаил Казначеевке осындай қоңырау түседі. Камила есімді бұрымды өзін әйгілі “Samsung” компаниясының операторымын деп таныстырған. Кейін Михаилге 3 млн. отандысымыздың ішінен жолы болып, сыйлыққа жаңа әрі қымбат смартфон ұтып алғанын жеткізеді.


Михаил Казначеев – МТРА аға бейнеоператоры:


– Жұмыс уақытында қоңырау шалды. Телефон нөмірің “Ретро FM” радиосының эфирінде жүретін бағдарламаның жеңімпазы атанды, содан 320 мың теңгенің смартфонын ұтып алдың деді. Алайда, заңға сәйкес сыйлықты алу үшін комиссия төлеу керектігін айтты. Ол үшін балансыма 36 мың теңге салып, чекті суретке түсіріп жіберуді сұрады.

Сыйлық үшін 36 мың теңге комиссия төлеу керектідігін естіген Михаил бұл ұсынысқа күмәнданып, ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеру үшін тұтқаның арғы жағындағы бойжеткенге бірнеше сұрақ қойған. Кейін тіпті акция өткізіп отырған “Ретро ФМ” радиосына қоңырау шалады. Осылайша, бұның ұтыс емес, телефон алаяқтарының құйтырқы әрекеті екеніне көз жеткізеді.

Михаил Казначеев – МТРА аға бейнеоператоры:


– Ол маған күн ұзаққа қоңырау шалып, мазамды ала берді. Телефондағы шотыма ақша салуды талап етті. Кейін олардың кім екенін, қайдан хабарласып тұрғандарын білуге тырыстым. Алайда, қолдан келмеді.

Айың оңынан туды, қымбат зат ұтып алдың, бірақ оны алу үшін ақша төле. Туысқаның апатқа ұшырады, құтқару үшін қаражат аудар. Көбіне бұл – өзгенің қалтасына қол сұғып, нәпақа табуды көздеп, қоңырау шалатын алаяқтардың сөзі. Қуантарлығы, жыл басталғалы бір де бір жерлесіміз телефон арқылы іске асатын қулықтың құбаны болмаған. Алайда, бүгінде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Мәселен, жыл басталғалы 94 теріскейлік желіде опық жеп, ақшасынан айырылып, тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінсе керек. Алайда, интернеттің өрісі кең болғандықтан мұндай қылмыстардың тек 24-і ғана ашылыпты.

Нұрбек Баекин – СҚО ІІД:


– Интернет-алаяқтар көбіне «OLX», «Instagram», «Kolesa.kz» сынды хабарландыру сайттары мен порталдарда, әлеуметтік желілерде өте көп. Сондай-ақ ғаламтор арқылы несие рәсімдейтін азаматтар да алаяқтардың құрбаны болып жатады. Сондықтан тұрғындарды желідегі күмәнді хабарламаларға назар аудармауға, тауар үшін алдын-ала жарна төлемеуге, банк картасының, жеке шоттың нөмірлері мен пин-кодтарын белгісіз адамдарға бермеуге шақырамыз.

Саят Ермек – тілші:


– Телефон немесе интернет-алаяқтар көбіне зейнеткерлер мен жасөспірімдерді алдауға құмар. Бірақ, кез-келген азамат олардың құрбаны болуы мүмкін. Егер, аңқаулық танытып, қылмыскерге ақша аударып қойсаңыз, бірден жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгініңіз. Немесе 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.


 

Саят Ермек