Әр түрлі

Тамыздың 11-і қала тұрғындары күннің жартылай тұтылуын бақылай алады

– Ғалымдардың болжамы бойынша күннің жартылай тұтылуы тамыздың 11-і күтілуде. Бұл құбылыс шамамен күндізгі сағат 15:31-ден 16:54-ке дейін созылмақ. Осы аралықта ай күннің төрттен бір бөлігін жабады. Табиғаттың ғажап сәтін Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындары бақылай алады.


Біздегі күн тұтылуының жоғары фазасы 23 секундты құрайды. Ал осыған дейін өткен айдың 27-сінде ғана жердің серігі Ай тұтылған болатын.

Андрей Солодовник – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ физика кафедрасының доценті, астроном:

– 27 шілдеде жер шарының тұрғындары толық айдың тұтылғанын көре алды. Ол 103 минутқа созылды. Ал тамыздың 11-і күн жартылай ғана тұтылады. Мұндай құбылыстар жиі орын алып тұрады. Мәселен, мұндай тұтылулар 2-3 жыл сайын қайталанып тұрады. Биыл бұл көріністі қала тұрғындары 5-ші рет тамашаламақ.

Ерекше құбылысты бақылағысы келетін жерлестеріміз сақтық шаралары туралы ұмытпауы тиіс. Ай күнді 23 секунд бойы көлегейлегенімен, сәулелердің белсенділігі жоғары болады. Сондықтан, дүрбі сияқты оптикалық аспаптарды қолдануға тыйым салынады. Өйткені, осы сәтте көз жанарын зақымдап алу қаупі жоғары. Ал тамыздың 12-нен 13-не қараған түні әлем жұртшылығы бірінен соң бірі аққан жұлдыздарды тамашалай алады. Аталмыш қарқынды метеор ағыны – Персеид деп аталады. Бұл түнде бір сағаттың ішінде аспанда 60-100 метеорға дейін санауға болады.

Андрей Солодовник – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ физика кафедрасының доценті, астроном:

– Аталған метеорлар – құйрықты жұлдыз кометасының сынықтары. Олар секундына 60 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Атмосфераға жеткенде сынықтар қызып, отты құбылыс пайда болады. Халық аузында оларды “ақпа жұлдыздар” деп атайды. Көздің жауын алатын керемет көріністі қала сыртында, жасанды жарықтан аулақ жерлерде тамашалаған жөн. Егер жұлдыз жауған түні ай жарық болса, тек ең жарық метеорлар ғана көзге көрінетін болады.

Аспан әлеміндегі бұндай ерекше табиғи құбылысты алғаш рет 1835 жылы бельгиялық астроном Адольф Кетеле ашқан болатын.

Молдир Макишева