Қоғам

Осыдан 20 жыл бұрын МТРА алғаш эфирге шықты

Саят Ермек – тілші:


– Бірі білсе, бірі білмес – Муниципалдық телеарнаның тарихы Жұмабаев көшесінің бойындағы мына нысанмен тікелей байланысты. Осыдан 20 жыл бұрын телевизия толқынына қосылып, алғаш эфирге шыққан арнаның алғашқы редакциясы Петропавлдық тресттің бұрынғы ғимаратының 7-ші қабатында орналасқан болатын. 1998 жылдың 1-ші қыркүйегіндегі алғашқы бейнематериал шыққан уақыттан бүгінге дейінгі 20 жылдың ішінде біздің арна өңірлік медия саласында ойып тұрып орын алды. Муниципалдық телеарнаны күллі теріскей халқы сүйіп көреді. Алайда, бұл жемістің артында көпжылдық қажырлы еңбек жатыр.

98-жыл. Шаһар бойынша жарық жиі өшіп қалатын, газ да болмады. Халық та, жергілікті билік те дағдарыста. Директор Евгений Сазановтың сөзінше, аумалы-төкпелі бұл кезеңде телеарна ашу – көзсіз ерлікпен тең болғантұғын. Ал, бастаған істі аяққа тұрғызу тіпті мүмкін емес көрінетін. “Ишим ТВ”, Облыстық телеарна. Бәсекелестер жететін, телевизиялық каналға қажетті қондырғылар қымбат, ал қаражат жоқ. Өңірді аяққа тұрғызу мәселесі бірінші кезекте тұрса да, сол кездегі облыс басшылығы Сазановтың бастамасын жерге тастамады.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:


– Наурыздың тоғызында сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметов Муницпалдық телерадиоарнаны құру туралы қаулыға қол қойды. Ал қыркүйетің бірінде ресми түрде арнамыздың тұсауын кесіп, эфирге жол тарттық. Біз жоқтан бар шығардық. Жарнамадан түскен қаражатқа материалдық-техникалық базамызды жасақтадық, сапалы жаңалықтар жасау жолында тер төктік.

Муниципалдық телеарна ұжымы бұл ғимараттан көшкелі 10 жылдың жүзі болды. Бұрын мына қабырғада МТРА-ның логотипі ілініп тұратын, ал қазір бұл қабатта жеке-меншік медициналық орталық жұмыс істейді. Сонда-да, ұзын дәліз, өзінің алғашқы кабинеті, журналистер бөлмесі мен студия. Басшыға бәрі таныс, баяғыдай ыстық.

Саят Ермек – тілші:


– Ал, мынау бұрынғы редакция орналасқан ғимаратың шатыры. Алғашқы кадрлар, тікелей эфирлер мен репортаждар дәл осы жерде түсірілген. Ең қызығы, арна тарихының ажырамас бөлшегі, осыдан 20 жыл бұрын орнатылған алғашқы телевизиялық антенналар мұнда әлі күнге дейін сақталған.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:


– Жеңіс күніндегі іс-шаралардан, футбол ойындарынан тікелей көрсетілімдер жүргізетінбіз. Шатырдан қала алақандағыдай көрінетін, сондықтан кадрлар әдемі шығушы еді.

Алайда, Евгений Сазанов төл идеясын жалғыз өзі іске асыра алмас еді. Сондықтан, басшы жанына білікті кадрлар мен мансабын жаңадан бастап жатқан мамандарды жинайды. Бұл команда құрамында Төлеген Иманов та болған. Бүгінде “Хабар” арнасының операторы, сол кезеңде каналдың өсіп, өркендеп, дамуы жолында аз болса да, аянбай еңбек етті.

Төлеген Иманов – МТРА аға видеооператоры:


– Біз жаңалықтарды жаңа форматта, жаңа стильде жасауға тырыстық. Сондықтан жұмыста түн жарымға дейін отыратынбыз. Қызықты, ыңғайсыз жағдайлар да көп болатын. Бірде түсірілімнен кейін камераны көлікке сала бергенімде, жүргізуші кете барды. Ал мені, операторды ұмытып кетті.

Бұл жанды басшы шыдамдылығы үшін, адалдығы үшін бағалайды. Халия Жолдаспаева ұжымда арна ашылған алғашқы күннен бері осында еңбек етіп келеді. Алғашқы қадамдары, қиыншылықтар – бәрі есінде. Қазір бас редактор жас тілшілердің жетекшісі, ұстазы, досы әрі ақылшысы.

Халия Жулдаспаева – МТРА шеф-редакторы:


– Жаңалықтардың алғашқы шығарылымын Төлеген Иманов екеуіміз жасап шығардық. Мен студенттік телестудиядан келген едім. Жаңа арнада қызмет ету өте қызықты болды. Қазір мен жас журналистерге шығармашылық бостандық беремін, оларға сенемін, өз кезегінде шәкірттерім мені жерге қаратпайды. Сапалы, қызықты, халықтың көкейкесті мәселелерін көтерген материалдар жасайды.

Шынымен де, қазір МТРА бұқараны солтүстік өңірдің тынысымен таныстыратын облыстағы іргелі арналардың бірі. Мұндағы журналистік мектеп те мықты. Арнадан түлеп ұшқан дарынды тілшілердің басым бөлігі бүгінде республикалық арналарда халық үшін қызмет етіп жүр.

Саят Ермек