Құқық қорғау органдары

Өңірдегі 1300-ден астам үй күзет ұйымдарының қорғауына алынған

Статистика көрсетіп отырғандай, ұрлықтардың дені жаз және күз айларында орын алады. Бұл мезгілдер баукеспелер үшін әсіресе олжалы болады. Өйткені, тұрғындардың бірі демалысқа кетсе, басқалары саяжайларында жатады. Ал үй иелерінің жоқтығын пайдаланған ұрылар, бұл уақытта баспанадағы құнды заттарды жымқырады. Жыл басынан өңірімізде бөтеннің мүлкіне қол сұғудың 1 800-ден астам фактісі тіркелсе, соның 458-і пәтер тонауға қатысты.Теріскейлік полицейлер ұрылардан қорғану үшін жеке меншік күзет ұйымдарының қызметіне жүгінуге кеңес береді.


Самал Қасенова, СҚО ІІД бөлім бастығы:


– Өңірімізде азаматтардың пәтерлері мен үйлерін қорғауға мамандандырылған 12 фирма жұмыс істейді. Сондай-ақ, бұндай қызметтерді Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев, Тайынша, Айыртау, Мамлют және Қызылжар аудандарының орталықтарында тұратын теріскейліктер пайдалана алады.

Кейбір күзет ұйымдары камераларды баспанаға тегін орнатып беруге әзір. Бірақ, ол үшін айына 2 мыңнан 8 мың теңгеге дейін абоненттік төлем жасау керек. Сондай-ақ, азаматтардың жайлылығы мен үнемділігі үшін тұрғын үйді қысқа мерзімдік күзетке қоюға болады.

Самал Қасенова, СҚО ІІД бөлім бастығы:


– Бұл қызметтің артықшылықтарының бірі – азаматтар дабыл белгісін ұзақ немесе қысқа мерзімдерге орната алады. Мысалы, еңбек демалысы, не болмаса іссапар кезінде және тағы да басқа жайғдайларда баспананы агенттіктерге қысқа мерзімге тапсырып кетуге болады.

Пәтерлер мен үйлерді орталықтандырылған бақылау пультіне қосу туралы толық ақпаратты ішкі істер департаментінің күзет қызметін бақылау бөліміне хабарласып, білуге болады.

Тогжан Акмагамбетова