Құқық қорғау органдары

Елімізде электр самокаттар мопедтерге теңестірілді

Велосипед пен мопедтер, сегвей, гироскутер, электр скутерлер және самокаттар. Алғашқы екеуі қоғам өміріне әуелден енсе, соңғыларының біздің елімізде қолданысқа кіргеніне көп бола қойған жоқ. Десе де, аталған дүниелерге көпшіліктің көзі де, еті де үйреніп алған сияқты. Қозғалысқа арналған бұл құрылғылар жеңіл көлікке жетпесе де, бірқатар ұтымды тұстары бар. Оларды басқару оңай, жанар-жағармайдың қажеті жоқ, кез-келген кептелісте тұралап қалмай, қалаған жеріңе жылдам жетуге болады. Тек қаланың ішінде ғана, әрине. Бірақ, шағын болсын, аталған көліктердің белгіленген жылдамдығы жайлы және оларды басқару кезіндегі жол-қозғалысы ережелерін ұмытпау керек.

Мәселен, мопедті басқару үшін A немесе A1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Оның жылдамдығын да сағатына 50 км-ден асыруға тыйым салынады. Заң талабы ескерілмеген жағдайда әкімшілік жаза қолданылады.

Болат Жексембінов – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:


– Скутер, электр самокаттар мен мопедтердің жүргізушілері тәртіпті бұзған жағдайда олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ, аталған көлік түрлерін басқарған жүргізушілер жолда жүру ережелерін бұзып, адам денсаулығына зиян келтірсе, 3 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін.

Осылайша, елімізде электр самокаттар мопедтерге теңестіріліп отыр. Ол туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Жылдамдық бойынша талап ортақ, яғни сағатына 50-км-ден асырмау қажет. Электр самокатты басқаратын адам 16 жасқа толуы керек. Бірақ аталған көлікті жүргізу үшін тиісті куәлік қажет емес екен.

Болат Жексембінов – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:


– Техникалық сипаттамалары бойынша электр самокаттар мопедтерге ұқсас келеді. Сәйкесінше, 2 қатынас құралына да бірдей ережелер қолданылады. Яғни, бұл транспорт иелеріне арнайы велосипед жолақтарында немесе жолдың оң жақ шеткі бөлігінде жүруге рұқсат етіледі. Ал, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларда аталған электр көліктермен жүруге қатаң тыйым салынған.

Айту керек, электр самокаттар мен мопедтер артқы көрініс айналарымен жабдықталмаған. Бұл орайда, жолда келеңсіз оқиғалардың орын алу мүмкіндігін ескеріп, көліктерді басқарғанда барынша сақ болған абзал.

Альмира Жетписбай