МТРА жаңалықтары

2017-2018 жылдардағы жылытуға артық төленген қаржы қайтарылады

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстанның барлық өңірінде жылумен жабдықтау қызметі құнын қайта есептеу жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп, жыл сайын жылуға артық төлеген тұрғындардың қаржысы қайтарылады. Биыл да солай болып отыр. Республика бойынша жылу есептегіш құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін бұл сома – 1 млрд теңгеден асқан. Бұл қаржының бір бөлігі өңір тұрғындарына тиесілі.


Елена Ганзёра – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті бөлімінің басшысы:


– Солтүстік Қазақстан облысында бұл сома 1 млн 766 мың 761 теңгені құрайды. Қайта есептеудің негізіне 1 шаршы метрге қажетті жылу энергиясы көлемінің сыртқы ауа температурасына тәуелділігі алынды. Мәселен, кей аудандар жылыту маусымын кеш бастаған, не кейде монополистер температураны тиісті деңгейге жеткізбеген. Осындай фактілер бойынша қызмет құнын қайта есептеу жүзеге асады.

Қайта есептеу жұмыстары облыстағы 9 ауданда жүргізіледі. Соның ішінде ең көп сома Айыртау ауданының тұрғындарына қайтарылмақшы.

Елена Ганзёра – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті бөлімінің басшысы:


– Әр ауданың өз тарифі бар. Сондықтан сома да әр түрлі болып келеді. Қайтарылатын қаржы жылу есептегіш құрылғылары жоқ тұрғындардың жеке есепшоттарына аударылады. Оны солтүстікқазақстандықтар алдағы жылыту маусымы басталғанда көре алады.

Ал петропавлдықтарға қайта есептеу жүргізілмейді. Өйткені, монополистер шаһар тұрғындарына жоспардан тыс 6 күн қосымша жылу берген. Норма бойынша жылу энергиясымен қамтушы мекеме баспаналарды бір жылдағы 222 күн бойы жылытуы тиіс екен. Бірақ баспаналары ұзағырақ жылытылған үй тұрғындары «Севказэнерго» компаниясына бұл қаржыны қайтаруға міндетті емес.

Магжан Ахмадина