Спорт

Жерлесіміз Таиландтан жүлделі оралды

Таиланд елінің Паттайя қаласында өткен әлем чемпионатында ел насымын қорғаған 10 спортшының ішіне теріскейден тек Руслан Заякин іліккен. Жарыстың алғашқы күні жерлесіміз кипрлық спортшымен кездескенін айтады. Намысты қолдан бермеген солтүстікқазақстандық қарсыласын әп сәтте-ақ жеңіп шықты. Алайда, жартылай финалда ол Ресейлік муайтайшыға есе жіберіп алған. Сондықтан, бұл жолы жас спортшы 3-ші орынды қанағат тұтты.

Руслан Заякин – муай-тайдан спорт шебері:


– Мен 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Осы додаға жаз басталысымен дайындалдық. Бапкеріммен бірге күніне 2 мәрте жаттықтығып жүрдім. Бұл әлем чемпионаты болғандықтан, қарсыластарымның деңгейі де жоғары екендігі байқалды. Сондықтан, екінші кездесу маған оңайға түскен жоқ.

Руслан осыған дейін тениске де қызығушылық танытқан екен. Десе де, бүйрегі үнемі муай тайға бұрып тұрған. Бұл спорт түрімен ол 10 жасынан айналысып келеді. Сол аралықта спорт шебері атағына қол жеткізіп үлгерген. Облыстық, республикалық сайыстарға қатысқан жерлесіміз жұмыс пен қызу дайындықтың арқасында биыл муай-тайдан әлем чемпионатына қатысуға бел буыпты. Енді 19 жасар спортшы бұл жетістігімен тоқтап қалмай, болашақта әлемдік деңгейдегі жарыстардың жүлделерімен оралудан дәмелі.

Руслан Заякин – муай-тайдан спорт шебері:

– Қазір алдағы жарыстарға дайындалып жатырмын. Әрине, мұндай деңгейдегі додаларда әлі де бағымды сынаймын деген ойдамын. Ол үшін көп жаттығып, бапкерім үйреткен барлық әдіс-тәсілдерді пайдалануға тырысамын.

Русланның келесі көздегені – осы жылдың қараша айында Шымкент қаласында өтетін Қазақстан кубогынан жүлде алу. Сондықтан, бүгіндері маңызды додаға қызу дайындық жүріп жатыр.

Ешкенова Дана