Спорт

Жергілікті “Қызылжар СҚ” командасы павлодарлық “Ертісті” жеңді

Төрешінің ысқырығы шалынып, қос команданың кездесуі басталып кетті. Жасыл алаңда жергілікті “Қызылжар СҚ” ойыншылары қызыл жейдеде жүрсе, павлодарлық “Ертіс” құрамасы – ақ түсті таңдаған. Кездесудің 1-ші минутынан-ақ жерлестеріміз қарсылас қақпасын шабуылдауға көшті.

Бірақ, қызылжарлық аяқ доп шеберлерлерінің талпынысы ұзақ уақыт бойы нәтиже бермей, қонақтар да шепті бұзып, есеп аша алмады. Тек ойынның 37-ші минутында ғана теріскейлік «Қызылжар СҚ» командасының 7-ші нөмірлі ойыншысы Тимур Мульдинов павлодарлықтардың қақпасына көптен күткен голды дарытты.

Алғашқы таймның соңына дейін ак формалы қонақтар есепті теңестіруге барларын салды. Дегенмен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Ойынды көруге келген жанкүйерлер жерлестеріне барынша қолдау көрсетіп, олардың алғашқы жеңісіне мәз-мейрам.

– Ойын жақсы өтіп жатыр. Біздікілер алда. Күш жинап алғандары көрініп-ақ тұр. Ойыншылары мықты. Ризамын өзім. Ойынға қарасам, жергілікті команда жақсы ойнайды. Күшті.

– Екінші таймда да бір-екі гол соқса, жақсы болар еді. Біз жанкүйерміз ғой. Тек қана жеңіс тілейміз.

Сөйтіп, көп ұзамай екінші 45 минуттық та бастау алды. Екіжақты шабуылдар жиіледі. Бірақ, қанша тырысып баққанмен қос команда екінші таймда бір-бірінің қақпасын ала алмады. Қосымша уақыт берілгенімен павлодарлықтар мен теріскейліктер арасындағы есеп ақыры өзгнерген жоқ. Осылайша 1:0 есебімен «Қызылжар СҚ» командасы жеңіске жетті.

Тимур Мульдинов – “Қызылжар СҚ” ФК капитаны:


– Ойынның алғашқы жартысында барымызды салған едік. Бірақ, екінші таймда командамыздың кей футболшылары жарақат алып, соның салдарынан, қорғанысқа баса назар аудардық. Осылайша, шабуылдауға мүмкіндік болмады. Дегенмен, ең бастысы жеңісті қанжығамызға байлап, қоржынымызға 3 ұпайды салдық.

Бұл кездесуге дейін «Қызылжар СҚ» командасы 18 ұпаймен турнир кестесінің 12-ші сатысында тұрған еді. Осы жеңістен кейін өңір намысын қорғаған футболшылар 21 ұпаймен бірден 9-шы орынға көтерілді. Енді тамыздың 12-інде жергілікті аяқ доп шеберлері өз алаңында Алматының “Қайратын” қабылдамақ.

Тогжан Акмагамбетова