Қоғам

Жазушы И.Шуховты еске алу кеші өтті

Әдеби-музыкалық кеште облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, театр актерлері және әскери қызметкерлер бас қосты.
Көзі тірісінде И.Шуховпен үзеңгілес болған жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – Екатерина Ильина. Ардагер тарихи тұлғаны алғаш рет өткен ғасырдың 50-ші жылдары кездестіріпті. Романдарын оқи жүріп, жазушының тұрақты оқырманына айналған. Бүгінде нәзік жандының отбасы мүшелері де И.Шуховтың шығармаларын жақсы біледі екен.

Екатерина Ильина – қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:


– Иван Петровичті бұрынан танимын. Партиялық жиналыстарда үнемі қасында жүрдім. Өзі сыпайы, көпшіл адам болатын. Әңгімелері маған қатты ұнайды. Үйімде барлық жинақтары бар. Жазушы өз өлкесін жақсы суреттеген. Иван Петровичтің шығармаларын шөберелерім де қызыға оқиды.

Кеш барысында жиналғандар жазушының өмірі, шығармашылығы мен қызметіне де шолу жасады. И. Шухов көзі тірісінде “Ударник”, “Литературный Казахстан” газеттеріне басшылық етіпті. Жерлесіміздің еңбектеріне көбінесе, әлеуметтік, саяси-экономикалық, адамгершілік мәселелері негіз болған. Әсіресе, жазушы орыс және қазақ халықтарының жаңа заман орнату жолындағы еңбегін, этносаралық достықты асқан шеберлікпен баяндай білген. Жерлес жазушының туындыларына М. Горький жоғары баға берді. И.Шухов көркем аударма саласында да табысты еңбек етіп, С.Мұқанов М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиннің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған. Оның өз туындылары да бірқатар тілдерге аударылып, басылған.

Ғалия Мелешкевич – И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың библиографы:


– Өңір тұрғындарының арасында жазушының кітаптарына деген сұраныс жоғары. Әсіресе, зейнеткерлер оның туындыларын жиі алып, оқиды. Шығармалардың арасында “Пресновские страницы” повесті, “Горькая линия” романы танымал. Аталған еңбектерде автодың биографиясы, өлкеміздің әсем табиғаты, казактардың тарихы туралы деректер бар. Иван Петрович Шуховтың еңбектері осы күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.

Әдеби-музыкалық кеште “Звоница” казактар хоры ән шырқап, кештің сәнін келтірді.

Берік Қасен